Қазақстандықтар судың «қара нарығы» фактілері бойынша анонимді түрде жүгіне алады

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстандықтар судың «қара нарығы» фактілері бойынша анонимді түрде жүгіне алады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-ботын іске қосты. Бұл шара суару маусымында суды әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Қазсушар» РМК мен оның филиалдары қызметіндегі сыбайлас жемқорлық және өзге де құқықбұзушылықтарды анықтап, алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Чат-бот пайдаланушыларға құқықбұзушылық фактілері, соның ішінде су беру және бөлу қызметтерін көрсету кезіндегі заңбұзушылықтар туралы жедел хабарлама жолдауға, сондай-ақ қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.

Чат-ботты іске қосу үшін «Қазсушар» РМК-ның барлық филиалы мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет. Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі анонимді түрде жүгінуге мүмкіндік береді.

«Судың «қара нарығымен» күрес ашықтықты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді шараларды талап етеді. Осы мақсатта министрлік құқық қорғау органдарымен күш біріктірді. Сонымен қатар су беру бойынша электронды келісімшарт жасау жүйесі мен жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторинг сияқты заманауи цифрлық құралдар кеңінен енгізіліп жатыр. Біз суару кезеңінде «Қазсушар» РМК филиалдары мен өндірістік бөлімшелерінің қызметіне толық бақылау орнатуды көздеп отырмыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп бекіткен судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасы аясында әзірленді. Құжатта көзделген іс-шаралар аясында 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алу деректері бойынша жалпы сомасы 41 млн теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салды.

Еске сала кетейік, биыл «Қазсушар» техника паркі алты жаңа кемемен толығады.