Мәжілісте сайлау кезіндегі заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату ұсынылды
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Заң жобалары бірқатар нормаларды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау және бір мандатты округ бойынша сайланған мәслихат депутатын кері қайтарып алған жағдайда оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері реттеледі.
Бұдан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы туралы мәліметтерді міндетті түрде жариялауды енгізу ұсынылды.
Түзетулер арқылы сайлау өткізу тәртібі де жетілдіріледі. Атап айтқанда, кандидаттардың сайлау қорларынан тыс қаржы немесе басқа да материалдық көмек тартқаны үшін жауапкершілігін белгілеу ұсынылды. Сонымен қатар онлайн-платформа қолданушыларына үгіт-насихат жүргізу, сайлауалды дебаттар мен қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін және сайлау болжамдарын жариялау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Бұған дейін Парламент Қазақстан Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы заң жобасын мақұлдады.