Кәсіби мереке күні Астананың 100 мейірбикесі AMANAT партиясының қатарына қосылды
Халықаралық мейірбикелер күніне орай AMANAT партиясы Астана қалалық филиалы Әйелдер қанатының төрайымы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Дженалаева №8 қалалық емхананың мейірбикелерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі орта буын медицина қызметкерлерінің маңызы мен ерекше рөлі атап өтілді. Салтанат Дженалаева мейірбикелерге күнделікті адал еңбегі, науқастарға деген қамқорлығы мен мамандыққа деген жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.
«Мейірбике — төзімділік пен мейірімділікті, жан жылуы мен үлкен жауапкершілікті талап ететін қадірлі мамандық иесі. Сіздердің жанашырлыққа толы еңбектеріңіз, адамдарға деген қамқорлықтарыңыз бен кәсіби біліктіліктеріңіз қоғам үшін аса маңызды», — деді ол.

Іс-шара барысында №8 қалалық емхананың бірқатар мейірбикесіне AMANAT партиясы Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға салтанатты түрде партиялық билет берілді.
Салтанат Дженалаеваның айтуынша, мереке қарсаңында Астана қаласында 100 мейірбике AMANAT партиясының қатарына қабылданған.
«Бұл — медицина саласы өкілдерінің белсенді азаматтық ұстанымының және қоғам дамуына үлес қосуға деген дайындықтарының айқын көрінісі», - деп атап өтті депутат.
Іс-шара соңында мейірбикелерге зор денсаулық, отбасына амандық, еңбектеріне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
