Жамбылда шетелдіктерді үйіне жалған тіркеуге алғандар жауапкершілікке тартылды
Қордай ауданының прокуратурасы шетел азаматтарын іс жүзінде тұрмайтын мекенжайға жалған тіркеу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Қордай ауданының Қалғұты ауылындағы үйдің біріне Өзбекстанның 12 азаматы тіркеліп, іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, сонда жұмыс істеген. Осы сияқты Сортөбе ауылында 9 Қырғыз Республикасының азаматы жалған тіркеуге қойылғанымен, басқа өңірде тұрып, жұмыс істеген. Қазір жалған тіркеудің күші жойылып, кінәлілер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, шетелдіктің еңбегін бірнеше рет заңсыз пайдаланғандар анықталды. Атап айтқанда, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін бұрын екі рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған дәмхана иесі 2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айларында рұқсат құжаттынсыз және еңбек қатынасын рәсімдемей, шетелдіктерді жұмысқа қабылдаған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетсек, таяуда Теңіз кенішінде істеген 30-ға жуық шетелдік ел аумағынан шығарылды.