Мұнай-газ саласы үшін 11 жаңа кәсіп картасы әзірленеді

Мұнай-газ саласы үшін 11 жаңа кәсіп картасы әзірленеді

Жаңа кәсіп карталары Энергетика министрлігі Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, салалық біліктілік шеңберін өзектендіру және мұнай-газ, мұнай-химия және мұнай өңдеу салаларындағы кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелеріне арналған жұмыс тобының отырысында таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап. 

KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзинаның төрағалығымен өткен жиынға салалық компаниялардың, қауымдастықтардың, жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жасанды интеллект технологиясын пайдалана отырып әзірленген кәсіби стандарттар конструкторы мен Career Enbek цифрлық платформасын таныстырды.

Ал талдамалы орталық жаңартылған салалық біліктілік шеңберін ұсынды.

2026 жылға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарына сәйкес 8 кәсіби стандартты жаңарту, 11 жаңа карта әзірлеу және қолданыстағы 2 кәсіп картасын жаңарту көзделген. Барлық карта әзірленіп, Career Enbek платформасына орналастырылды.

Сонымен қатар NCOC N.V. компаниясының жоспарға қосымша 15 кәсіп картасын енгізу жөніндегі ұсынысы қаралып, талқыланды.

Еске сала кетсек, биыл «Жастар практикасы» аясында 2,6 мыңнан астам маман жұмыспен қамтылды.