Жамбылда тұрғын жүк көлігімен мал терілері қалдықтарын төгіп кеткен

Бүгін, 13:59
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жамбылда тұрғын жүк көлігімен мал терілері қалдықтарын төгіп кеткен
Фото: Magnific.соm

Меркі аудандық соты ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі бойынша азамат Т.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысының Меркі аудандық сотына сілтеме жасап. 

2026 жылдың сәуірінде азамат Т. жүк көлігімен Меркі ауылындағы белгiленбеген аумаққа ауыл шаруашылығы қалдықтарын (мал терілерінің қалдықтарын) әкеліп, түсірген. 

Қоғамдық орынды ластаған Т. сотта өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сот қалдықтарды кез келген жерге төккені үшін заң бойынша жауапкершілік көзделетінін атап айтты.

Сот қаулысымен ол ӘҚБтК 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы аудандағы барлық қоқыс полигондарының талапқа сай еместігін анықтағанын жаздық.