Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Талдау нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстың ұйымдастырылмағаны анықталды. Жыл сайын Қаратөбе ауданында тұрғындардан 15 620 мың текше метрден астам тұтыну және өндіріс қалдықтары жиналады.
Қаратөбе аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен бекітілген 2024-2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама ескірген санитарлық ережелер мен нормалардың негізінде ресми түрде әзірленді, оған Қаратөбе ауданының аумағында жоқ елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жайластыру жөніндегі іс-шаралар енгізілген.
Прокуратураның наразылығы бойынша мәслихат шешімінің күші жойылды.
«Коммуналдық қалдықтарды орналастыратын 16 нысанның барлығы экологиялық талаптарға және санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды.
Қоқыс үйінділері қоршалмаған, оларға үй жануарларының ет терісінің қалдықтарын шығаруға және көмуге жол берілген.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмысы қолға алынбаған.
Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер тек 4 елді мекенде ғана жабдықталған, бұл ретте олар қақпақтармен жабдықталмаған, нәтижесінде қоқыс жел соққанда ауыл аумағына таралады», - делінген хабарламада.
Саралжын, Сулыкөл және Қоскөл ауылдық округтерінде қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар қатты жабынмен және үш жағынан қоршаумен жабдықталмаған. Аудан орталығында қоқыс контейнерлері тұрғын үйлерден 25 метрден кем қашықтықта, тұрғындардың қатысуымен комиссиялық белгілеу рәсімі өткізілмей жабдықталған.
Қаратөбе ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша әкімдіктер санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес қалдықтарды жинауға арналған арнайы алаңдарды жайластыруды қамтамасыз етті.
Полигон мен қоқыс тастайтын жерлерді экологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық жоспар бекітілді.
Қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша ведомстволық бақылауды жіберіп алғаны үшін Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.