Астанада Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы марапатталды
Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби сыйлығының бесінші маусым бойынша жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан туралы үздік роман үшін берілетін жыл сайынғы әдеби байқауға биыл 33 өтінім берілді. Бесінші маусым қорытындысы бойынша Есболат Айдабосын «Бүкір» романы үшін жеңімпаз атанды.
«Бүкір» романы – жылқы тағдыры арқылы адам қадірі, әлеуметтік теңсіздік, ар-намыс пен рухани ізденіс тақырыптарын арқау еткен шығарма.
Жеңімпазға қазақстандық «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясынан төлем жасалған күнгі бағамы бойынша өмір бойы ай сайын 500 доллар ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі табысталды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, сыйлық меценаты, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, жоба негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, байқауға қатысушылар, оқырмандар және өзге де қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсім аясында көпшілікке 5-ші және 6-ші маусымдағы жаңашылдықтар таныстырылды, байқаудың қазіргі маусымы туралы деректі фильм көрсетілді.

Жоба – отандық көркем әдебиетті дамытуға, қаламгерлерді қолдауға, оқырман қызығушылығын арттыруға және қазақстандық шығармаларды халықаралық нарықта танытуға бағытталған тәуелсіз азаматтық бастама.
Еске сала кетсек, таяуда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды.