500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті

Бүгін, 12:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
500-ден астам теңіз жаяу әскері танк сынағы даярлығынан өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының 542 мерзімді әскери қызметшісі жас жауынгер курсындағы негізгі кезеңдердің бірі – танк сынағы даярлығы мен кедергілер жолағынан өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әскери бөлімге келгеннен кейін жас сарбаздар жалпыәскери жарғыларды оқып-үйренуге, саптық және дене дайындығына, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану дағдыларын меңгеруге кірісті.

Теориялық дайындықтан соң теңіз жаяу әскерлері тактикалық алаңда практикалық тапсырмаларды орындауға көшті. Жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада әскери қызметшілер жертасаға орналасып, бос оқтармен атысып, оқу гранаталарын лақтырып, сауытты техниканың көмегімен шартты қарсыласқа қарсы тактикалық маневрлер орындады.

«Негізгі назар әскери қызметшілерді шартты қарсыластың танк бөлімшелеріне қарсы іс-қимыл жасауға практикалық тұрғыда дайындауға және жеке құрамның психологиялық төзімділігін қалыптастыруға аударылды. Қойылған барлық мақсат толық көлемде орындалды, жауынгерлер танк сынағы даярлығынан сәтті өтіп, кедергілер жолағын еңсерді», – деді Жас сарбаздарды даярлау жиынының бастығы  подполковник Жеңіс Ахметқалиев.

Оның айтуынша, танкпен сынақ даярлығы – жас сарбаздардың төзімділігін, өз күшіне сенімділігін және күрделі жағдайда әрекет етуге дайындығын қалыптастратын маңызды дайындық кезеңдерінің бірі.

«Танк жертасаның дәл үстінен өткен сәтте қатты толқу мен зор жауапкершілікті сезінесің. Бірақ дәл осындай сәттерде сабыр сақтауды үйреніп, жауынгерлік тәжірибе жинайсың. Командирлер мен жолдастарымның қолдауының арқасында қорқынышты жеңіп, өз күшіме деген сенімімді арттырдым», – деді Ақмола облысынан шақырылған  гвардия қатардағы жауынгері Нұрлан Борамбай.  

Практикалық сабақтар жас сарбаздарды әскери қызмет жағдайына моральдық-психологиялық тұрғыдан бейімдеуге бағытталды. Жас жауынгер курсынан кейін 23 мамыр күні теңіз жаяу әскерлері Әкери ант қабылдайды.