Премьер-министр ұлттық парктердегі инфрақұрылымның баяу дамуын сынға алды

Премьер-министр ұлттық парктердегі инфрақұрылымның баяу дамуын сынға алды
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың отырысында экологиялық туризмді дамыту шараларына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 30,9 млн гектарды құрайды. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында 179 туристік маршрут және 42 соқпақ жол бар. Келушілер саны 2023 жылы 2,4 млн болса, 2025 жылы 3,7 миллионға дейін өсті.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүгінгі таңда ұлттық парктерде жалпы инвестиция көлемі 16 млрд теңгеге дейінгі экотуризмді дамыту жобалары жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Жұмыстар Іле-Алатауы паркінде, сондай-ақ «Алтын-Емел» мен «Шарын» парктерінің аумақтарында жүргізілуде.

«Таза туризм» бағдарламасы аясында саябақтарда ақпараттық баннерлер, қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлер, қайта өңделген пластиктен жасалған эколавкалар орналастырылады, келушілер биологиялық ыдырайтын пакеттермен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық саябақтарға бару процесін цифрландыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық ұлттық парктер банктік сервистер арқылы онлайн төлем жүйесіне қосылған, сондай-ақ парктердің сайттарында төлем жасауға арналған QR-кодтар орналастырылған.

5 ұлттық саябақта өз қаражаты есебінен 9 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылды. Бұл туристер үшін саябаққа баруды анағұрлым ыңғайлы етеді, ал ұлттық парктерге келушілер мен түсімдерді есепке алудың ашықтығын арттырады.

Премьер-министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын экотуризмді жүйелі түрде дамыту қажеттігіне назар аударды. Қазіргі таңда экотуризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып саналады.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2034 жылға қарай әлемдік экологиялық туризм нарығы 660 млрд доллардан асуы мүмкін. Қазақстан экотуризмді дамыту бойынша жоғары әлеуетке ие. Бірегей табиғи нысандар қатарында Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Алтын-Емел, Іле-Алатауы ұлттық парктері және басқа да көрікті жерлер бар.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне аумақтардың ластануына жол бермеу шараларын күшейтіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қалдықтарды тиімді басқаруды ұйымдастыру тапсырылды.

Сондай-ақ қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік қызметтен түсетін кірістерді туристік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде экологиялық соқпақ жолдарды, демалу орындарын және өзге де нысандарды абаттандыруға бағыттау міндеті қойылды.

Премьер-министр ұлттық табиғи парктер аумағында қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алды.

«Экология министрі Іле-Алатауы, Алтынемел және Шарын ұлттық парктерін абаттандыру бойынша есеп бергенімен, бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Содан бері айтарлықтай нәтижелер байқалмайды.

Нұрлыбек Машбекұлына министрлікпен және өңір әкімдерімен бірлесіп, табиғи парктерді абаттандыру ісіне ірі бизнесті тарту мәселесі бойынша келіссөздер өткізуді тапсырамын. Бірыңғай дизайн-кодты және тиісті жұмыс кестелерін бекіту қажет.

Осы жылдың маусым айында өтетін Орталықтың келесі отырысында есеп беріңіздер», – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша отырыс өткізгенін жаздық