Үкімет ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмысын жалғастырады
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және отандық машина жасаушыларды әрі қарай да қолдау қажеттігін баса айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы 3 жылда фермерлер 70 мыңға жуық жаңа техника сатып алды, оның 90%-ы өзіміздің отандық өндірістен шыққан. Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жаңа техниканың үлесін арттыру жұмысын жалғастырсын. Өнім түрлері мен көлемін арттыру үшін отандық машина жасаушыларды әрі қарай да белсенді ынталандыру қажет», - деді Олжас Бектенов.
Өндірісті локализациялау деңгейін арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізудің маңыздылығына назар аударылды.
«Жуырда біз ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдік жетекші компаниялармен кооперацияны тереңдету, өндірісті локализациялау деңгейін арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша келісімге қол қойдық. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетсін», - деп атап өтті Премьер-министр.
Еске салсақ, Олжас Бектенов диқандарды жеңілдетілген жанармаймен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды.