Олжас Бектенов диқандарды жеңілдетілген жанармаймен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды

Бүгін, 12:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Олжас Бектенов диқандарды жеңілдетілген жанармаймен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамытудың маңыздылығына назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының конституциялық реформасы елімізді одан әрі жаңғыртуға, оның ішінде экономиканың барлық саласын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту өте өзекті мәселе болып отыр», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл тұрғыда көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу ерекше маңызға ие.

«Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу.

Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Қаражат бөлінді, фермерлерді техникамен және ресурстармен қамтамасыз ету шаралары қабылданды», - деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов диқандарды жеңілдетілген отынмен, тыңайтқыштардың қажетті көлемімен және өзекті метеорологиялық болжамдармен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов егіс жұмыстарын жүргізу жөнінде бірқатар тапсырмалар беріп, агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау және шаруаларды жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. 

«Агротехнологиялық талаптар белгіленген нормаларға сәйкес мүлтіксіз орындалуы тиіс.

Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу және элиталық тұқымдардың үлесін 11,7%-ға дейін жеткізу жоспары бекітілді. Аталған көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізу керек.

Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау шараларын уақтылы жүргізіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру маңызды.

Жеңілдетілген отынның жеткізілуін және оның мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстау қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ тиісті ведомствоға егіс науқаны кезінде метеорологиялық болжамдарды жедел жеткізу тапсырылды.

«Ауа райы жағдайларына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударған жөн. Экология министрлігі жедел шешімдер қабылдау үшін егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беруді қамтамасыз етсін», - деп атап өтті Премьер-министр.

Еске сала кетейік, елімізде көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 5 есе өсті.