Бектенов цифрлық жобаларды экономикалық тиімділігіне қарай қаржыландыруды тапсырды

Бектенов цифрлық жобаларды экономикалық тиімділігіне қарай қаржыландыруды тапсырды
Фото: Үкімет

Қазақстанда цифрландыруға қатысты жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan стратегиясының басымдықтарына сәйкестігі және күтілетін экономикалық әсері ескеріле отырып қаралуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Digital Qazaqstan стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жүйесімен байланыстырып, цифрландыру және ЖИ саласындағы жобалардың шашыраңқы болмауын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Digital Qazaqstan стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен нақты байланысты болуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жыл соңына дейін стратегияның нысаналы индикаторларын мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының даму жоспарларына енгізу тапсырылды.

Стратегияның орындалуы іске қосылған жобалардың санына емес, белгіленген көрсеткіштердің нақты орындалуына қарай бағаланбақ.

Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі екі ай ішінде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған цифрлық жобаларды қайта қарауы тиіс. Бірін-бірі қайталайтын шешімдерді анықтап, оларды бірыңғай архитектура мен ортақ мемлекеттік платформаларға шоғырландыру көзделіп отыр. Бұл бірдей функционалды бірнеше рет қаржыландыруға жол бермей, ресурстарды басым жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін цифрлық жобалардың басымдығын айқындау да тапсырылды.

«Стратегияның көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей ықпал ететін шешімдерді бірінші кезекте қаржыландыру қажет. Цифрландыруға қатысты барлық жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan архитектурасы мен басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ күтілетін экономикалық әсері тұрғысынан ескеріле отырып қаралуы тиіс», – деді Премьер-министр.

Стратегияның әр бағыты бойынша нақты жобалар, көрсеткіштер, мерзімдер мен жауапты орындаушылар бекітілген. Бірінші басшылар түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге тікелей жауап береді.

Digital Qazaqstan стратегиясының орындалуын жалпы бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.

Бұған дейін цифрлық платформалар 600 мыңнан астам адамды ресми экономикаға шығарғанын жазған едік.