Симпозиум Алтын Орданың қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызын насихаттауға мүмкіндік берді - ғалым
Aстана қаласында ұйымдастырылған «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум – ұлттық тарихымызды жаңаша пайымдауға бағытталған маңызды ғылыми-танымдық іс-шаралардың бірі болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сейтқазина Президенттің қатысуымен өткен халықаралық алқалы жиын туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Бұл жиын Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі тарихи рөлін терең зерделеп қана қоймай, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған симпозиумға отандық және шетелдік тарихшы-ғалымдардың қатысуы оның ғылыми маңызын арттыра түсті.
Симпозиум барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөйлеген сөзі ерекше назар аудартады. Мемлекет басшысы Алтын Орданың Ұлы дала өркениетінің ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, оның мемлекеттік басқару жүйесі, сауда-саттық пен мәдени байланыстарды дамытудағы тарихи рөліне арнайы тоқталды. Президент өз сөзінде: «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған ұлы тарихи құрылымдардың бірі» екенін ерекше атап көрсетті. Бұл пікір халқымыздың тарихи тамырын тереңірек тануға және ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған ұстаным деп айта аламыз. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Алтын Орданы терең ғылыми тұрғыдан зерттеу, тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелеріне айрықша мән берді. Қазақстанның Алтын Орда мұрасын зерттейтін халықаралық орталықтардың біріне айналуы тиіс екенін айтуы ғылым мен тарих саласына берілген үлкен қолдау деп бағалауға болады», - деді ол.
Бұдан әрі ол іс-шара аясында көтерілген мәселелердің ауқымы өте кең болғанын айтты.
«Ғалымдар Алтын Орданың Еуразия тарихындағы орны, Жошы ұлысының қазақ мемлекеттілігіне ықпалы, археологиялық жаңалықтар, мәдени мұра және ұлттық бірегейлік мәселелері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Әсіресе, археологтардың бұрын беймәлім болған тарихи қалалар мен тиын сарайларын анықтауы ғылым үшін аса құнды жаңалық екені айтылды. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің Ұлы даланың мәдени коды ретіндегі рөлі, «теңге» атауының тарихи тамыры туралы пікірлер де көпшілік қызығушылығын тудырды.
Симпозиумның тағы бір маңызды қыры – Алтын Орданы тек әскери немесе саяси құрылым ретінде емес, ғылымы мен мәдениеті дамыған ірі өркениет ретінде қарастыру қажеттігінің көтерілуі болды.
Осындай ғылыми басқосулар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, елдің рухани тұтастығын нығайтуда ерекше рөл атқарады.
Жалпы алғанда, халықаралық симпозиум жоғары деңгейде ұйымдастырылған, ғылыми мазмұны терең әрі тағылымы мол маңызды шара деп есептейміз. Көтерілген мәселелер қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздерін тереңірек түсінуге, Алтын Орда мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеуге және ұлттық бірегейлікті нығайтуға үлкен үлес қосады деп санауға болады», - деп пікір білдірді ғалым.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Президенттің қатысуымен Алтын Орда тарихына арналған симпозиум өтіп жатқаны туралы жаздық.