Полиция астаналықтарға велосипед ұрлығының алдын алу шараларын еске салды
Жылы мезгіл басталғалы елордада велосипед ұрлығы жиілеуі мүмкін. Осыған байланысты Астана қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасы тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, тұрғындар велосипедтерін қараусыз қалдырмай, міндетті түрде арнайы құлыппен бекітуі қажет. Сондай-ақ көлікті бейнебақылау камералары орнатылған жерлерге қою ұсынылады.
Ведомство велосипедтің құжаттары мен сериялық нөмірін сақтап жүрудің маңызын да еске салды. Бұл ұрлық болған жағдайда көлікті іздестіру жұмыстарын жеңілдетеді.
Сонымен қатар тұрғындарға күдікті жағдайларды байқаса, бірден «102» нөміріне хабарласу қажеттігі айтылды.
«Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі», – деп ескертті Астана қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасы.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Астанада нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акция өтті.