Астанада алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге арналған рейд өткізілді
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Астана қаласының «Сарайшық» ауданының прокуратурасы Патрульдік полиция полкімен, Әділет департаментімен және жеке сот орындаушыларымен бірлесіп алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтарып жүрген тұлғалардың орналасқан жерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шаралар барысында борышкерлердің тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттемелерді орындамаудың салдары түсіндірілді.
Рейдтердің негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және ата-аналардың кәмелетке толмағандарды асырау жөніндегі жауапкершілігін арттыру.
Елорда прокуратурасы алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтауға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және ата-аналық міндеттерді орындаудан жалтарғаны үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.