Саясат Нұрбек: Алтын Орданың әлемдік өркениетке қосқан үлесін ғылыми негізде таныту маңызды

Саясат Нұрбек: Алтын Орданың әлемдік өркениетке қосқан үлесін ғылыми негізде таныту маңызды
Фото: facebook.com/sayasat

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, кейде тарих өткенді түсіндіру үшін емес, қазіргі күнде өз орнымызды тереңірек сезіну үшін қажет.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Алтын Орданың Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігінде билік құрған қуатты империя болғаны – ешбір тарихшы күмән келтірмейтін дерек. Ұлы дала төсінде билік құрған бұл мемлекет Батыс пен Шығысты жалғап, мемлекеттердің қалыптасуына, сауда мен дипломатияның дамуына, түрлі өркениеттердің өзара ықпалдасуына айрықша әсер етті», – деп жазды министр.

Саясат Нұрбектің пікірінше, Алтын Орда тек әскери-саяси күш қана болған жоқ.

«Ұлы Жібек жолының маңызды бағыттары осы кеңістік арқылы өтіп, сауда жолдарын жандандырып, дипломатиялық байланыстар мен мәдени ықпалдастықтың кеңеюіне жол ашты», – деді ол.

Министр мұндай тарихи кезеңдерді терең зерттеу бүгінгі ғылымның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Тарихты тереңірек түсіну археологиялық қазбаларға, көне жазбаларға, антропологиялық зерттеулерге және цифрлық талдау мүмкіндіктеріне сүйенеді. Симпозиумға 20-дан астам елден келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда, 300-ден астам ғалым қатысты. Мұндай ауқымды ғылыми жиынның елімізде өтуі Қазақстанның тарихты терең зерттеп, оны әлемдік ғылыми кеңістікте танытуға ерекше мән беретінін көрсетеді», – деп жазды Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ ол мұндай іргелі ғылыми ізденістердің маңызына тоқталды.

«Осындай ғылыми жұмыстар арқылы біз тек өткенді түгендемейміз. Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесін ғылыми негізде танытып, тарихи сананы тереңдете отырып, жас ғалымдарға жаңа бағыт ашамыз», – деді министр.

Бұған дейін Президент Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих екенін айтқан болатын.