Астананың бас имамы Нұрбек Есмағанбет: Құрбан айт – мейірім мен жанашырлық мерекесі
Бүгін барша мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мерекесі басталды. Үш күнге созылатын мереке қарсаңында Астана қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбетпен сұхбаттасып, қасиетті мейрамның мәні, құрбан шалудың тәртібі және елордадағы дайындық жұмыстары туралы әңгімелескен едік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- Ассалаумағалейкум Нұрбек Әуесханұлы. Ең алдымен сізді жақында Астана қаласының бас имамы болып тағайындалуыңызбен құттықтаймыз. Енді бізге Құрбан айт мерекесінің мәні мен ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?
- Уағалейкумассалам! Құттықтауыңызға көп рахмет. Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін аса ұлық әрі рухани маңызы үлкен мерекелердің бірі. Дәл осы күндері адам баласы мейірімге, жанашырлыққа және Аллаға жақындап, бұйырған амалдарын орындауға тырысады. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, мұсылман баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының разылығына ұмтылады.
Құрбан айттың тарихына келсек Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алланың бұйрығына толық мойынсұнып, үлкен сынақтан өтуімен байланысты.
Құрбан айт күндері адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, ағайын-туысты аралап, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Әсіресе, құрбандық етін тарату арқылы қоғамда өзара қамқорлық пен бауырмалдық арта түседі.
- Құрбан шалудың шарттары мен әдеттеріне қысқаша тоқталсаңыз?
- Құрбан шалу – мұсылман адамның Алла разылығы үшін орындайтын маңызды ғибадаттарының бірі. Сондықтан бұл құлшылық шариғат талаптарына сай әрі үлкен жауапкершілікпен атқарылуы тиіс. Ең алдымен, құрбандық шалу айт намазынан кейін басталады. Құрбандыққа шалынатын мал дені сау, кемшіліксіз және шариғатта белгіленген жасқа толған болуы тиіс.
Ислам діні малға жанашырлықпен қарауға ерекше мән береді. Сондықтан құрбан малын қинауға, қорқытуға немесе оған қатігездік көрсетуге болмайды. Құрбан шалатын орын таза болып, санитарлық талаптар сақталуы қажет. Сонымен қатар, малды бауыздайтын құрал өткір болуы тиіс.
Құрбан шалудағы ең маңызды дүниенің бірі – ниет. Құрбандық шалу амалы мақтану немесе жарысу үшін емес, шынайы ықыласпен Алла разылығы үшін орындалуы керек.
- Қандай мал шалынуы керек, салмағына қандай талаптар қойылады?
- Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой мен ешкі кемінде бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал түйе бес жасқа толуы тиіс. Сонымен қатар, малдың дені сау әрі айқын кемшілітен аман болуы маңызды. Мүйізі сынық, тұяғы кесілген, қотыр сынды тағы басқа кемшін тұстары болмауын қадағалау керек.
Халық арасында кейде малдың салмағына ғана мән беріліп жатады. Алайда дінде негізгі талап – малдың шариғат шарттарына сай болуы. Әрине, жақсы әрі қоңды мал шалған абзал. Сонымен қатар, қой мен ешкіні бір адам жеке шалады, ал ірі қара мен түйені жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады.
- Астанада Құрбан айтқа дайындық барысы қалай өтті?
- Елордада Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Қала мешіттері мен жауапты мекемелер бірлесіп құрбан шалу орындарын дайындау, санитарлық талаптарды сақтау және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарды. Қазіргі таңда негізгі құрбан шалатын орындар белгіленді. Сонымен қатар, мешіттерде Құрбан айттың рухани мәні мен құрбан шалу әдебі жөнінде түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Имамдар жамағатқа құрбандық рәсімін шариғат талаптарына сай әрі тәртіппен орындаудың маңызын толық айтуда.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға арналған қайырымдылық шаралары да алдын ала жоспарланды. Қаладағы еріктілер мен жомарт азаматтар бұл іске белсенді атсалысады. Басты мақсат – Құрбан айт күндері мерекесінің рухани әрі әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттау.
- Астана қаласында Құрбан айт кезінде әлеуметтік осал топтарға қалай көмек көрсетіледі?
- Құрбан айт күндері Астана қаласында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді. Қала мешіттері мен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен мұқтаж жандарға құрбандық еті үлестіріледі. Бұл жұмыстарға мешіт қызметкерлері, еріктілер және қайырымды азаматтар бірлесіп атсалысады. Бұл жылда ықыласпен атқарылып жүрген негізгі жұмыстың бірі. Биыл да бұл үрдіс ойдағыдай жалғасады деп сенеміз. Ал Ислам дінінде білесіздер мұқтаж адамның көңілін көтеріп, оған қолдау көрсету үлкен сауапты іс болып саналады.
- Халықты құрбан шалу рәсіміне қатысуға қандай кеңес берер едіңіз?
- Барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесін шүкіршілікпен және ізгі ниетпен қарсы алуға шақырамыз. Құрбандық рәсімінде ең алдымен тазалыққа, тәртіпке және шариғат әдебіне ерекше мән берген жөн. Құрбан шалуды даңғазаға айналдырмай, оның рухани мәнін терең түсінуге көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, құрбандық малын арнайы белгіленген орындарда шалып, санитарлық талаптарды сақтау маңызды. Бүгінде халыққа қолайлы болу үшін онлайн құрбан шалу мүмкіндігі де қарастырылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Осылайша бір тетік арқылы сауапты амалды оңай әрі жеңіл атқарасыз.
Ең бастысы – Құрбан айт күндері туыстық қарым-қатынасты нығайтып, мұқтаж жандарға көбірек қолдау көрсетіп, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты арттыруға үлес қосу. Дәстүрімізге сай айттап, ағайынға сәлем беру де осы мерекеде көрініс табады. Алла Тағала шалынған құрбандықтарымызды қабыл етіп, елімізге амандық пен береке нәсіп етсін!
- Сұхбатыңызға рахмет.
Еске салсақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Нұрбек Есмағанбет Астана қаласының бас имамы болып тағайындалды.
Сонымен қатар Астанада құрбандық шалу рәсімі өтетін орындар белгіленді және Құрбан шалу рәсімін онлайн өткізуге арналған сайт іске қосылды.