Астанада жасөспірімдер түсірген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік сериалының көрсетілімі өтті
Астана қаласы Байқоңыр ауданы прокуратурасы «Тоғыз тағдыр: өмірді айқындайтын таңдау» атты профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, онда балалар мен жасөспірімдер түсірген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік сериалының көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ жастар арасында қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін дамыту.
Профилактикалық іс-шараға прокуратура органдарының өкілдері, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, депутаттар, психологтар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Кездесу барысында буллинг, сталкинг, жасөспірімдер агрессиясы, кәмелетке толмағандарды есірткі таратуға тарту, интернет-алаяқтық, дропперлік, психологиялық қысым, балалардың үйден кетуі, сондай-ақ ойланбай жасалған әрекет пен құқық бұзушылықтың салдары тақырыптарына арналған әлеуметтік сериалдың тоғыз қысқаметражды бөлімі ұсынылды.
Әрбір тақырыптық бөлімнен кейін шақырылған сарапшылардың қатысуымен ашық пікірталас ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы, суицид мінез-құлықтың алдын алуға, онлайн қауіптерге және балалар үшін қауіпсіз орта құруға қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар күрделі және өзекті тақырыптар бойынша қолжетімді форматта жастармен ашық диалог жүргізу үшін маңызды платформа болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, олар жасөспірімдерге жауапты таңдаудың, отбасын қолдаудың және жедел көмек сұраудың маңыздылығын түсінуге көмектеседі.
Бұл бастама құқықтық хабардарлықты нығайтуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді алдын алу бағдарламасының бөлігі.