«Радиация» сөзінен қорқудың қажеті жоқ – ғалым радиофобияның себептерін түсіндірді
Назарбаев Университеті Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Ғалымжан Наурызбаев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында радиофобия ұғымын түсіндіріп, қоғам неге радиациядан қорқатынын айтты. Сондай-ақ ол 5G желісі, байланыс антенналары, Семей полигонының тарихи әсері және күнделікті өмірдегі сәулелену көздеріне қатысты кең тараған мифтерге ғылыми тұрғыда жауап берді.
– Ғалымжан Еркінұлы, радиофобия дегеніміз нақты не? Оның ғылыми негізі бар қауіптен айырмашылығы қандай?
– Радиофобия – радиациядан немесе онымен байланысты кез келген нәрседен шамадан тыс, көбіне эмоцияға негізделген қорқу. Бірақ бір нәрсені нақты ажыратып алу керек, радиациядан қорқудың бәрі негізсіз емес. Радиация шынымен де қауіпті болуы мүмкін, әсіресе, иондаушы сәулеленудің жоғары дозалары, апаттар, радиоактивті ластану немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу болған кезде.
Ал ғылыми негізі бар қауіп нақты өлшемдер арқылы бағаланады: сәулеленудің түрі, дозасы, әсер ету ұзақтығы, көзден қашықтық және қорғаныс деңгейі. Радиофобия көбіне адам «радиация» деген сөзді естігенде бірден апат, қатерлі ісік немесе өлім туралы ойлап, нақты әсер деңгейін түсінбей қорыққан кезде пайда болады.
– Чернобыль мен Фукусима сияқты апаттар қоғамның радиацияға деген қорқынышын қаншалықты күшейтті? Қазақстанға оның әсері сезіле ме?
– Чернобыль мен Фукусима қоғамның радиацияға деген көзқарасына өте қатты әсер етті. Бұл оқиғалар адам қолымен жасалған қауіптің символына айналды. Көп адам физикалық процестерді толық білмесе де, негізгі нәрсені есте сақтады. Радиация көзге көрінбейді, оны сезу қиын, ал салдары ұзақ уақыттан кейін де байқалуы мүмкін.
Қазақстанда бұл әсер, әрине, сезіледі. Бірақ бізде бұған қосымша өзіміздің тарихи контекстіміз бар – Семей полигоны.
– Семей полигонының тарихи мұрасы бүгінгі қоғамның радиация туралы көзқарасына әлі де ықпал ете ме?
– Иә, әрине, ықпал етеді. Семей полигоны – жай ғана тарих емес, бұл көптеген адамның тағдырына әсер еткен ауыр тәжірибе.
Кейбір отбасы әлі күнге дейін денсаулық мәселелерін ядролық сынақтардың салдарымен байланыстырады. Сондықтан радиация тақырыбы – көп адам үшін абстрактілі ғылыми мәселе емес, жеке және ауыр тақырып.
Бүгінгі таңда заманауи технологиялар, ядролық энергетика немесе медициналық диагностика туралы айтқан кезде де, кейбір адам сынақ полигонын автоматты түрде еске алады. Сол себепті адамдардың қорқынышын түсіну керек. Оларға жай ғана «сіздер түсінбейсіздер» деп айту дұрыс емес. Керісінше, сабырмен, қарапайым тілмен және нақты деректермен түсіндіру қажет.
– Көп адам «радиация» сөзін естісе, бірден өлім немесе қатерлі ісікпен байланыстырады. Бұл түсінік қаншалықты шындыққа жанасады?
– Бұл түсініктің белгілі бір деңгейде шындыққа қатысы бар, бірақ ол тым жеңілдетілген. Иондаушы сәулеленудің жоғары дозалары шынымен де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін: сәуле ауруы, күйіктер, тіндердің зақымдануы және ұзақ мерзімді перспективада қатерлі ісік қаупінің жоғарылауы.
Бірақ барлық радиация бірдей қауіпті емес. Біз бәріміз табиғи радиациялық фон жағдайында өмір сүріп жатырмыз: радиация топырақта, ғарыштық сәулелерде, құрылыс материалдарында, тағамда және тіпті адам ағзасының өзінде де бар. Төмен дозалар автоматты түрде ауруға әкелмейді. Радиациялық қауіпсіздікте ең басты ұғым – доза. Қауіпті «сәулелену» сөзінің өзі емес, әсер ету деңгейі мен жағдайлары анықтайды.
– Күнделікті өмірде кездесетін радиация көздері қандай? Мысалы, ұшақпен ұшу, смартфон, тұрмыстық техника немесе медицинадағы рентген мен КТ қаншалықты қауіпті?
– Күнделікті өмірде әртүрлі сәулелену көздері бар. Мысалы, ұшақпен ұшқанда адам ғарыштық сәулеленудің сәл жоғары деңгейіне ұшырайды, өйткені ұшақ жоғары биікте ұшады. Рентген мен компьютерлік томография да иондаушы сәулеленуді қолданады, сондықтан оларды тек медициналық себептермен жасау керек.
Бірақ смартфондар, Wi-Fi, тұрмыстық техника және байланыс антенналары – басқа мәселе. Олар иондамайтын электромагниттік өрістерді тудырады. Олардың ДНҚ-дағы химиялық байланыстарды иондаушы сәулелену сияқты үзуге жеткілікті энергиясы жоқ. Сондықтан компьютерлік томографияны, радиоактивті материалдарды және смартфондарды теңестіру дұрыс емес. Олардың қауіп сипаты мүлде бөлек.
Дегенмен мен барлық құрылғыны шектеусіз пайдалану керек деп айтпас едім. Электромагниттік әсер тұрғысынан қарапайым профилактикалық ұстаным орынды: егер ұзақ әрі жақын әсерді ыңғайлылықты жоғалтпай азайтуға мүмкіндік болса, оны азайтқан дұрыс. Мысалы, жиі әрі ұзақ телефонмен сөйлескенде телефонды үнемі басқа тақап ұстағаннан гөрі сымды гарнитураны немесе динамикті қолданған жөн. Бұл – қорқуға себеп емес, технологияны саналы әрі қауіпсіз қолдану мәдениеті.
– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған ақпарат радиофобияны күшейтіп отыр ма? Ең жиі тарайтын мифтер қандай?
– Иә, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер радиофобияны күшейтуі әбден мүмкін. Себебі эмоцияға құрылған ақпарат ғылыми түсіндіруден тезірек таралады. Адамдар ережелерді, өлшемдерді және сараптамалық есептерді оқудан гөрі «антенналар қатерлі ісік тудырады» деген сияқты қысқа хабарламаға сенуге бейім.
Ең көп таралған мифтер: кез келген радиация өлімге әкеледі; 5G адамдарды радиоактивті көз ретінде «сәулелендіреді»; шатырдағы антенна тұрғындарда сөзсіз қатерлі ісік тудырады. Бұл пікірлердің көбі не қате, не шынайы жағдайды қатты бұрмалайды.
– Радиофобия атом энергетикасы сияқты стратегиялық жобаларға қоғамның көзқарасына әсер ете ме?
– Иә, әбден мүмкін. Атом энергетикасы – инженерлік және экономикалық мәселе ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сенім мәселесі. Егер адамдар мемлекетке, реттеуші органға, зауыт операторына немесе басқару жүйесіне сенбесе, онда тіпті, техникалық тұрғыдан қауіпсіз жоба да қауіп ретінде қабылданады.
Қазақстанда бұл, әсіресе, Семей полигонының тарихи мұрасына байланысты маңызды. Сондықтан атом энергетикасын талқылағанда тек арзан энергия немесе төмен көміртек шығарындылары туралы айту жеткіліксіз. Біз қауіпсіздік, қалдықтар, апат сценарийлері, тәуелсіз мониторинг, халықаралық стандарттар және оператордың жауапкершілігі туралы ашық талқылауымыз керек.
– Соңғы жылдары 5G желісінен қорқу, байланыс антенналарына қарсы шығу жиі байқалады. Бұл радиофобияның жаңа формасы деуге келе ме?
– Иә, белгілі бір мағынада мұны радиофобияның жаңа формасы деуге болады. Бірақ техникалық тұрғыдан бұл жерде радиоактивті радиация туралы емес, иондаушы емес электромагниттік сәулелену туралы сөз болып отыр. Көп адам «радиация» сөзін өте кең мағынада қолданады және ядролық радиацияны, рентгенді, радиотолқындарды және мобильді байланысты бір-бірінен ажырата алмайды.
5G-ден қорқу көбіне нақты әсер деңгейінен емес, көзге көрінбейтін қауіп сезімінен туындайды. Адам электромагниттік өрісті көрмейді, оның қалай өлшенетінін түсінбейді, сондықтан үрейлі түсіндірулерге сенуі мүмкін. Мұнда сауатты түсіндіру қажет. Жиілік деген не, қуат деген не, қашықтықтың әсері қандай, нормативтер қалай қойылады және бақылау қалай жүргізіледі дегендей.
– Ұялы байланыс операторларының антенналарын тұрғын үйлердің төбесіне орнатуға қатысты халық арасында алаңдаушылық бар. Мұндай қорқыныштың ғылыми негізі бар ма, әлде бұл көбіне ақпараттың жетіспеуінен туындай ма?
– Адамдардың алаңдаушылығы түсінікті, себебі шатырдағы антенна үнемі сәулелену көзі болып көрінеді. Бірақ ғылыми тұрғыдан алғанда, тәуекел өлшенетін параметрлерге негізделіп бағалануы керек: электромагниттік өріс деңгейі, сәулелену бағыты, орнату биіктігі, адамдардан қашықтық және санитарлық нормаларға сәйкестік.
Егер жабдық дұрыс орнатылса және рұқсат етілген ең жоғары деңгейлерге сәйкес келсе, мұндай антеннаны тұрғындар үшін қауіпті деп санауға ешқандай негіз жоқ. Оның үстіне антенна әдетте «пәтерлерге төмен қарай» емес, аумақты қамту үшін белгілі бір бағытқа сәуле таратады. Дегенмен сенім тек ашық өлшемдер, түсінікті хаттамалар және тұрғындар үшін қолжетімді түсініктеме болған кезде ғана қалыптасады.
– Қазіргі ғылым технология мен радиациядан қорқу феноменін қалай түсіндіреді? Бұл жөнінде халықаралық ғалымдардың ортақ ұстанымы бар ма? Әлемдік ғылыми қауымдастық қандай позиция ұстанады?
– Қазіргі ғылым радиофобияны бірнеше фактордың қосындысы ретінде түсіндіреді: қауіптің көзге көрінбеуі, тақырыптың күрделілігі, тарихи жарақаттар, институттарға сенімнің төмендігі және медианың ықпалы. Адамдар, әсіресе, өздері бақылай алмайтын қауіптерден көбірек қорқады.
Халықаралық ғылыми ұстаным жалпы алғанда мынадай: иондаушы сәулелену қатаң бақылауды қажет етеді, өйткені жоғары дозалар қауіпті; медицинада оны қолдану негізделген әрі оңтайландырылған болуы керек; атом технологиялары халықаралық стандарттар бойынша реттелуі тиіс; ал мобильді байланыстан болатын иондаушы емес өрістер рұқсат етілген нормалар сақталған жағдайда ауыр аурулардың дәлелденген себебі ретінде қарастырылмайды. Дегенмен, зерттеулер жалғасуда, себебі ғылым эмоцияларға сүйенбеуі керек, ол деректерді үнемі тексеріп отыруы керек.
– Балалар мен жастарға радиациялық қауіпсіздік туралы ақпаратты қалай дұрыс түсіндіру керек?
– Балалар мен жастарға бұл тақырыпты қорқыту арқылы емес, сауаттылық арқылы түсіндіру керек. «Радиация – өлім» деп айтпаңыз. Одан да сәулеленудің әртүрлі түрі, әсердің әртүрлі деңгейі және қауіпсіздік ережелері бар екенін түсіндіру қажет.
Мысалы, былай айтуға болады: күн сәулесі, радиотолқындар, рентген және радиоактивті материалдар – бір нәрсе емес. Кейбір сәулелену түрі күнделікті жағдайда қауіпсіз, кейбірі медицинада пайдалы, ал кейбірі қатаң бақылауды қажет етеді. Ең бастысы айырмашылықты түсіну, ережелерді сақтау және қауесетке емес, өлшеулер мен дәлелге сену.
Сондай-ақ балаларға қарапайым әдеттерді түсіндіре аласыз: телефоныңыздан немесе Wi-Fi-дан қорықпаңыз, бірақ ұзақ қоңыраулар жасаған кезде динамикті немесе сымды гарнитураны қолданған дұрыс және смартфоныңызды басыңыздың жанында ұстамаған жөн. Бұл – тыйым емес, жай ғана саналы сақтық.
– Егер радиофобияны азайту үшін халыққа бір ғана маңызды ой айту керек болса, не айтар едіңіз?
– Мен былай айтар едім: «радиация» деген сөздің өзінен қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы оның көзін, дозасын және әсер ету жағдайын түсіну. Радиация мен электромагниттік өрістер – сиқырлы немесе түсініксіз қауіп емес, олар өлшенетін, нормаланатын және бақыланатын физикалық құбылыстар.
Қорқыныш «қорықпа» деген сөзден азаймайды. Қорқыныш адамға түсінікті, шынайы және тексеруге болатын ақпарат берілген кезде азаяды. Сондықтан ең дұрыс жол – ашықтық, қарапайым түсіндіру және тәуелсіз бақылауға сенім.
– Сұхбатыңызға рақмет!