Елімізде кітапхана ісінің мамандарына арналған жаңа ақпараттық портал ашылды

Елімізде кітапхана ісінің мамандарына арналған жаңа ақпараттық портал ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Кітапханалар Одағы сала мамандарына арналған жаңа ақпараттық порталды іске қосты. Порталда кітапхана ісіне қатысты заңнамалық және нормативтік құжаттар, әдістемелік және білім беру материалдары, салалық басылымдар, отандық баспалар туралы мәлімет жинақталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Ақпараттық портал кітапхана ісі мамандарының тәжірибе алмасуын көздейді. Мұнда жаңалықтар мен алдағы іс-шаралар туралы ақпаратпен қатар, оқыту материалдары жарияланып, мамандардың пікір алмасуына арналған форум жұмыс істейді. Ал «Зерделі ұлт» бағыты кітап оқу мәдениетін дәріптеуді, кітапханалардың қоғамдағы маңызын арттыруды және ұлттық зияткерлік құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді.

Айта кетейік, жаңа ресурс кітапхана ісінде бірқатар маңызды өзгеріс қолға алынып жатқан тұста ашылды. Қазір «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасы талқыланып, библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттары енгізіліп жатыр. Сонымен қатар электрондық құжаттарды есепке алу тетіктері әзірлене бастады. Кітапхана жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдануға да айрықша мән беріліп отыр.

Қазақстан Кітапханалар Одағының kitaphanalarodagy.kz ресми порталы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Пайдаланушыларға қажетті ақпаратты оңай табу үшін іздеу тетігі мен тақырыптық сүзгі қарастырылған. Порталға тіркелгеннен кейін жеке кабинет арқылы қосымша қызметтерді пайдалануға болады.