870 мыңға жуық заң бұзушылық: «ҚазАвтоЖол» артық жүк мәселесінің ауқымын жариялады
Биылғы жылдың сегіз айында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) көлік құралдарының рұқсат етілген салмағына қатысты 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде салмағы 50 тоннадан асатын көліктер бойынша шамамен 139 мың, 100 тоннадан асатын көліктер бойынша 12 мыңға жуық, ал 200 тоннадан асатын көліктер бойынша 1 мыңға жуық дерек тіркелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол»-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания мәлметінше, жол конструкциясы белгілі бір нормативтік жүктемеге есептеліп салынады. Ал көлік құралдарының рұқсат етілген салмақтан жүйелі түрде асып жүруі жолдың тозуын жеделдетеді. Соның салдарынан ойық іздер, ығысулар мен жол жамылғысының деформациялары пайда болып, жөндеуаралық мерзім қысқарады.

«Мәселе әсіресе жаңадан салынған және қайта жаңартылған автожолдарда өткір тұр. Мемлекет жол желісін дамытуға қомақты қаражат жұмсап келеді. Алайда жолдармен рұқсат етілген жалпы салмақ пен осьтік жүктемеден асатын көліктер тұрақты жүретін болса, жаңа инфрақұрылымды ұзақ мерзімге сақтау қиын. Жаңадан салынған жолдар артық жүктің салдарынан мерзімінен бұрын бұзылмауға тиіс.
Сонымен қатар жекелеген жүргізушілердің автоматтандырылған бақылаудан жалтару әрекеттері де тіркелуде. Ауыр жүк көліктері АӨС-ті жол жиегі немесе техникалық өткелдер арқылы айналып өтуге тырысады. Кейбір учаскелерде мұндай әрекеттердің алдын алу үшін орнатылған физикалық кедергілердің бөгде тұлғалар тарапынан өз бетінше алынып тасталған жағдайлары анықталды», - делінген хабарламада.

Жыл басынан бері АӨС нысандарының өртенуіне қатысты үш жағдай тіркелді. Оқиғалардың себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр. «ҚазАвтоЖол» жабдықтарды қорғау және автоматтандырылған өлшеу станцияларын айналып өту мүмкіндігін болдырмау бойынша қажетті шараларды жалғастырады. Бұл ретте жүк көлігінде емес – артық жүкте және баршаға ортақ талаптардың сақталуында.
Бір рейсте көбірек жүк тасымалдау жекелеген тасымалдаушының шығынын азайтуы мүмкін. Алайда мұндай үнемнің салдары жолда қалады: жол жамылғысы мерзімінен бұрын тозып, оны қалпына келтіруге қосымша қаражат қажет болады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АӨС желісін дамытуды және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастырып келеді. Белгіленген салмақ нормаларын жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және автоматтандырылған бақылауды айналып өту әрекеттерінің жолын кесу маңызды.
Сегіз айда тіркелген 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылық – назар аударуды қажет ететін елеулі көрсеткіш. «ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды, ауыр жүк көлігі иелерін, құрылыс және өнеркәсіп кәсіпорындарын белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме талаптарын сақтауға шақырады.
Жаңа жолдарды салу жеткіліксіз. Оларды сақтау да – ортақ міндет», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі.
Еске салсақ, елімізде электрокөліктерге арналған қуаттандыру станцияларының желісі кеңейіп келеді.