Астаналық 35 азамат Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге аттанды

Бүгін, 09:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астаналық 35 азамат Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге аттанды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Азаматтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімдерінде әскери қызмет өткереді.

Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ туған-туыстары мен жақындары қатысты.

– Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, – деді өз сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

 Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Ол үшін әскерге бару – жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

 – Бұл қадам – мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы – Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, – деді ол.

 Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.  

 – Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы – денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, – деді ол. 

Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті.

Айта кетейік, биылғы күзгі әскерге шақыру науқанында Астанадан 1400 азамат әскерге шақырылады. 

Еске салсақ, Астанада әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиынына шақырылды.