Астананың ресми дизайн-коды бекітілді
Астанада қаланың ресми дизайн-коды бекітілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, дизайн-код – елді мекендердің үйлесімді және стилистикалық біріңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған талаптар мен ережелердің жиынтығы.
«Елорда аумақтарын қала құрылысы тұрғысынан жоспарлау, дамыту және салу біріңғай сәулеттік келбетке қойылатын талаптар мен дизайн-кодты ескере отырып жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.
Дизайн-код нені реттейді:
• абаттандыру элементтерін
• ақпараттық және жарнамалық конструкцияларды
• шағын сәулет нысандарын
• стационарлық емес объектілерді
• стационарлық емес сауда объектілерін
• көгалдандыруды
• жарықтандыруды
• қасбеттерді
• қоршауларды (құрылыс жүргізілетін ауданның ерекшеліктерін ескере отырып).
Дизайн-кодтың негізгі компоненттері:
• үйлесімді сыртқы келбет.
Біртұтастық:
• сәулеттік стиль
• түстік шешім
• қабаттылық
• әрлеу материалдары
• композициялық шешім.
Астана қаласы әкімдігінің Урбанистика орталығының мәліметінше, дизайн-код бұл - елорданың алдағы уақытта қалай дамып, қандай келбетке ие болатынын айқындайтын маңызды қала құрылысы құжаты.
«Дизайн-кодта қалалық ортаны қалыптастыратын негізгі бағыттар бір жүйеге келтірілді: ғимараттардың қасбеттері, сыртқы жарнама мен маңдайшалар, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, көше жиһазы, аялдамалар және навигация», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Астананың өзіндік қалалық қарпі - Astana Type әзірленді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қалалық навигация мен визуалды коммуникацияда қолданылатын болады.
Көгалдандыру мен абаттандыруға да бірыңғай талаптар енгізілді. Ағаш отырғызудан бастап көше кеңістігін ұйымдастыруға, орындықтар, шамдар мен басқа да қалалық элементтерді орналастыруға дейін ортақ қағидаттар белгіленді.
Ең бастысы - дизайн-код енді жай ғана ұсыныстар жинағы емес, қалалық ортаны қалыптастыруда басшылыққа алынатын ресми құжат.
«Бұл қаланың барлық бөлігін бірдей ету деген сөз емес. Керісінше, әр аудан мен көшенің ерекшелігін сақтай отырып, Астанаға үйлесімді әрі біртұтас қалалық стиль қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Урбанистика орталығы.
Айта кетейік, дизайн-код 2026 жылғы 11 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Қолданыстағы объектілер (субъектілер) үшін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өту кезеңі қарастырылған.