Азия ойындары: Жапонияда ел намысын 77 астаналық спортшы қорғайды

Бүгін, 16:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Азия ойындары: Жапонияда ел намысын 77 астаналық спортшы қорғайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында құрлықтағы ең ірі спорттық додалардың бірі – XX жазғы Азия ойындары (Aichi-Nagoya 2026) өтеді. Азия ойындарының бағдарламасына 43 спорт түрі енгізілген. Жарыс барысында барлығы 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында Астана қаласынан 77 спортшы 30 спорт түрінен сынға түседі, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Елордалық спортшылар жекелей және командалық жарыстарда ел намысын қорғап, жүлделер үшін таласады.

5×5 баскетболдан әйелдер арасындағы жарыста Астана атынан Дарья Королева, Валерия Капитонова, Тамара Нойок, Анна Безгодова, Оксана Нурбаева, Дарья Цуканова және Анастасия Алишускайте өнер көрсетеді. Ерлер арасында Аскар Майдекин мен Рустам Мурзагалиев сынға түседі. 3×3 баскетболдан ұлттық құрама сапында Алижан Ыдырысжан өнер көрсетеді.

Көркем гимнастикадан Айбота Ертайқызы, Ақмарал Ерекешева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Нұрмағамбетова, Жасмин Жүнісбаева және Мәдина Мырзабай жүлдеге таласады. Спорттық гимнастикадан Амина Халимарден, Амели Мукушева және Дмитрий Патанин бақ сынайды.

Гандболдан әйелдер құрамасы сапында Аида Жапарова, Жанерке Қуандықова және Мәдина Мырзамсейтова өнер көрсетеді.

Су добынан ұлттық құрама сапына Әділ Балтабекұлы, Душан Маркович, Срджан Вуксанович және Юлиан Вердеш енген. Жүзуден Әділбек Мусин, ал суға секіруден Кирилл Новиков ел намысын қорғайды.

Әртістік жүзуден Әйгерім Құрманғалиева, Жаклин Якимова, Анна Павлецова және Валерия Столбунова сынға түседі.

Академиялық ескек есуден Ярослав Мельников, Бапан Асханбек, Артем Матусевич, Тимур Фомичев, Бауыржан Сұлтанов, Мария Чернец және Екатерина Носкова жарыс жолына шығады. Байдарка мен каноэде ескек есуден Эвелина Костенко өнер көрсетеді.

Триатлоннан Диана Ержанова мен Аида Ким бақ сынайды.

Жекпе-жек спорт түрлерінде де елордалық спортшылар бірнеше бағыт бойынша сынға түседі. Бокстан Айбек Оралбай мен Нұрбек Оралбай, джиу-джитсудан Мерей Кабдуллаев пен Галина Дуванова, еркін күрестен Ризабек Айтмұхан, әйелдер күресінен Ирина Кузнецова, таеквондо WT-дан Тоғжан Қазнабек ел намысын қорғайды.

Нысана көздеу спортынан да елорда өкілдері бақ сынайды. Стенд атудан Адель Садақбаева, оқ атудан Кирилл Цуканов жарысқа қатысады.

Семсерлесуден Назарбай Саттархан сынға түседі. Ат спортынан Олег Соколенко, Раиса Соколенко және Нұрила Тұрысбекова өнер көрсетеді.

Брейкингтен Саёра Алибекова мен Амир Закиров бақ сынайды.

Теннистен Анна Данилина, Соня Жиенбаева, Юлия Путинцева, Тимофей Скатов және Александр Шевченко елорда атынан сынға түседі. Үстел теннисінен Кирилл Герасименко өнер көрсетеді.

Паделден Айгерім Сулеймен, Мария Синицына және Родион Пак Азия ойындарының жүлдесі үшін таласады.

Спорттық құзға өрмелеуден Әмір Маймұратов, жеңіл атлетикадан Виктория Ан, велоспорттан Рамис Динмухаметов пен Дмитрий Резанов сынға түседі.

Скейтбордингтен Альфируз Эшматов өнер көрсетеді. Киберспорттан Рафа Бердалы, Қаныш Әбікенов, Бекзат Ахамбаев және Сардар Ерекенев елорда намысын қорғайды.

Осылайша, Астана спортшылары XX жазғы Азия ойындарында олимпиадалық спорт түрлерімен қатар, құрлықтық доданың бағдарламасына енген бірқатар жаңа спорт түрлерінен де жүлдеге таласады.

Оқи отырыңыз: Паделден 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын ел құрамасының тізімі анықталды

Айта кетейік, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Астана қаласынан 46 спортшы 18 спорт түрінен сынға түскен болатын. Сол додада елордалық спортшылар 10 медаль – 1 алтын, 3 күміс және 6 қола иеленді.