Астанадағы Н. Назарбаев әуежайында V Азия Пара ойындарының күміс жүлдегерлері Әли Тұрғанбеков пен Сиязбек Далиевті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Жапонияда өткен құрлықтық додада ел намысын қорғаған спортшыларды «Елорда» спорт клубының ұжымы, жақындары, қолдаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күтіп алып, жетістіктерімен құттықтады.
Әли Тұрғанбеков жарыстан алған әсерімен бөлісіп, екі күміс медальдің өзі үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ дайындыққа жағдай жасап, қолдау көрсеткен Астана қаласының спорт басқармасына алғысын білдірді.
Сиязбек Далиев те жарыстағы әсерін жеткізіп, эстафетадағы жетістікке команданың бірлескен еңбегімен қол жеткізгенін айтты. Спортшы қалалық спорт басқармасына көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Жарыс кезінде ұлының жанында болған Әлидің анасы да алған әсерін жеткізді. Ол трибунадан ұлына жанкүйер болып, әр сәтте ерекше толқығанын, Әлиді ғана емес, ел намысын қорғаған спортшыларымызды мақтан тұтатынын жеткізді. Сондай-ақ спортшыларға қолдау білдірген барша жанға алғысын айтты.
Еске сала кетсек, Үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми туы Түркістанда таныстырылды.

