Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл туралы Президент Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, осы бастама аясында еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары қолға алынуы тиіс.

«Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірі қарсаңында ел дамуы үшін құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізудің маңызын атап өтті.

«Осылайша, жақындап келе жатқан жасанды интеллект дәуіріне біздің жалпыхалықтық ортақ жауабымыз – салу, тағы да салу!» – деді Президент.

Оның айтуынша, ауқымды бастама аясында жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.

Сондай-ақ еліміздің барлық аймағында шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі тиіс. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

«Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік басқару сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Президент инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрландыруға және өнеркәсіпті дамытуға бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жеке инвестициялар тартылып жатқанын атап өтті.

«Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды. Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.