Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында оқу-ағарту саласындағы мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Тағы бір өзекті тақырып. Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн.
Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар.
Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде.
Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет.
Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн», - деді ол.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдерге тоқталды.
«Тағы бір мәселе. Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр.
Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек.
Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.
Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.
Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес.
Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес.
Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.
Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», - деді Президент.