Тәуелсіздік, бірлік және даму: сарапшы Президент Жолдауына пікір білдірді

Тәуелсіздік, бірлік және даму: сарапшы Президент Жолдауына пікір білдірді
Фото: Қазақстан қоғамдық даму институты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген бірлік, қоғамдық келісім және экономикалық даму мәселелері ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды міндеттермен тікелей байланысты. Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық дипломатия бөлімінің бас сарапшысы Айым Тілепберген пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының айтуынша, Президенттің Жолдауды «қасиетті Тәуелсіздігіміз» деген ұғыммен бастауының символдық мәні зор. Өйткені тәуелсіздік мемлекеттіліктің белгісі ғана емес, елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікті де білдіреді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын «қасиетті Тәуелсіздігіміз» деген ұғыммен бастады. Бұл сөздің өзінде үлкен мән бар. Тәуелсіздік – тек мемлекеттіліктің нышаны ғана емес, елдің болашағына деген ортақ жауапкершілік.

Президент алдағы кезеңдегі мақсат-міндеттерге тоқталып, елдің тұрақты дамуы үшін реформалардың жүйелі түрде жалғасуы қажет деп атап өтті. Ал кез келген реформаның табысты жүзеге асуы үшін ең алдымен бірлік пен қоғамдық келісім қажет. Себебі қоғамда бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа толыққанды нәтиже бере алмайды», – деді Айым Тілепберген.

Сарапшы Мемлекет басшысының бұл ұстанымы халықаралық деңгейде де айтылғанын еске салды. Атап айтқанда, Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясында ашық нарық қағидаттарын ұстану және халықаралық ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесіне назар аударды.

«Бұл ойды Мемлекет басшысы бұған дейін де халықаралық деңгейде бірнеше рет көтерген болатын. Бір жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен сөйлеген сөзінде Президент: «Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді», – деген еді.

Бүгінде бұл ұстанымның нақты көріністерін елдегі көлік-логистикалық әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды дамыту және жаңа экономикалық байланыстар қалыптастыру бағыттарынан көруге болады», – деп атап өтті сарапшы.

Айым Тілепберген әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі жағдайында ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызы арта түсетінін айтты.

«Сол сөзінде Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалға да алаңдаушылық білдіріп: «Әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті», – деп атап өткен болатын.

Шын мәнінде, біз алпауыт мемлекеттер арасындағы геосаяси қайшылықтар күшейіп, өзара сенімге сызат түскен күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда мемлекет үшін ішкі тұрақтылық, қоғамдық келісім және экономикалық орнықтылықтың маңызы арта түседі», – деді ол.

Сарапшының пікірінше, елдің экономикалық әлеуетін арттыруда инфрақұрылымды дамыту ерекше орын алады. Бұл бағыттағы жобалар өңірлердің дамуына, экономикалық белсенділіктің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

«Инфрақұрылымның дамуы да осы үдерістің маңызды бөлігі. Инфрақұрылым дамыса – қала дамиды. Қала дамыса, экономикалық белсенділік артады. Экономикалық белсенділік артса, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік артады. Бұл – өзара байланысты біртұтас процесс.

Осы тұрғыдан алғанда, 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлудің көзделуі – инфрақұрылымдық және стратегиялық жобаларды іске асыруға бағытталған ауқымды ресурс. Ең бастысы – бұл қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы, нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беруі», – деді Айым Тілепберген.

Сөз соңында сарапшы тәуелсіздіктің мәні бүгінгі жетістіктерді бағалаумен ғана шектелмейтінін, келешек ұрпақ үшін берік мемлекет қалыптастырумен өлшенетінін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің мәні де осында деп ойлаймын. Тәуелсіз ел болу – бүгінгі жетістікті бағалау ғана емес, келешек ұрпақ үшін мықты мемлекет қалыптастыру.

Ал оның негізі – бірлік, қоғамдық келісім, ашық экономика, дамыған инфрақұрылым және ең бастысы – ортақ мақсатқа деген сенім», – деп түйіндеді сарапшы.