Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған реформалардың нәтижелі жүзеге асуы қоғамдағы жауапкершілікке, өзара сенімге және жаңа әдептің қалыптасуына да байланысты. Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-кеңесшісі Кәмила Амуртаева пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін мемлекеттік деңгейдегі өзгерістермен қатар, азаматтардың құндылықтары мен күнделікті іс-әрекетіне де назар аудару қажет.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы дамуындағы негізгі басымдықтарды айқындады. Осы міндеттер аясында қоғамда жаңа әдепті қалыптастыру ерекше маңызға ие. Өйткені реформалардың орнықтылығы мен қоғамдағы сапалы өзгерістер мемлекеттік шешімдерге ғана емес, азаматтардың құндылықтары мен күнделікті іс-әрекетіне де байланысты.
Менің ойымша, бүгінде мемлекет жүзеге асырып жатқан өзгерістермен қатар, қоғамның сол өзгерістерге қаншалықты дайын екеніне де назар аудару маңызды. Себебі реформалардың нәтижелілігі адамдардың заңға, еңбекке, қоғамдық мүддеге және бір-біріне деген қарым-қатынасынан көрінеді. Елдің дамуы экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, қоғамдағы жауапкершілік пен өзара сенім деңгейімен де өлшенуі тиіс», – деді Кәмила Амуртаева.
Оның сөзінше, бұл мәселеде өскелең ұрпақтың тәрбиесі ерекше маңызға ие. Себебі бүгінгі балалар мен жастар алдағы онжылдықтарда қоғамның құндылықтары мен мінез-құлық үлгілерін қалыптастырады.
«Бұл мәселенің маңызын Қазақстанның демографиялық құрылымы да айқындай түседі. Президент атап өткендей, елімізде 7 миллионға жуық бала бар, ал жастарды қоса есептегенде, олар халықтың жартысына жуығын құрайды. Демек, алдағы онжылдықтарда қоғамымыздың болмысын бүгінгі жас ұрпақ қалыптастырады. Сондықтан олардың қандай ортада өсіп, қандай мінез-құлық үлгілерін көріп жүргені маңызды. Мәселен, бала ересектердің заң бұзуды белгілі бір жағдайда қалыпты құбылыс деп қабылдайтынын көрсе, оның бойында заңға құрмет қалыптастыру қиын», – деп атап өтті сарапшы.
Кәмила Амуртаеваның пікірінше, жаңа қоғамдық әдеп азаматтарға ғана қойылатын талаптармен шектелмеуі керек. Бұл үдерісте мемлекеттік институттардың әділдігі мен ашықтығы да маңызды рөл атқарады.
«Бұл ретте жаңа әдепті азаматтарға ғана қойылатын талаптар жиынтығы ретінде қарастыруға болмайды. Оның негізінде мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі жатуы тиіс. Егер азаматтан адалдық пен тәртіптілік күтілсе, мемлекеттік институттар да әділдік, ашықтық және шешім қабылдаудағы бірізділікті қамтамасыз етуі қажет. Өйткені қоғамдық сенім қағидаттардың жариялануынан емес, олардың іс жүзінде сақталуынан қалыптасады», – деді ол.
Сарапшы «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларын өзара байланысты бағыттар ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бастамалардың нәтижесі өткізілген іс-шаралар санымен емес, қоғамдағы нақты өзгерістермен бағалануы тиіс.
«Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларын өзара сабақтас қағидаттар ретінде қарастырған жөн. Олардың ортақ мақсаты – заңға құрметті, адал еңбекті, қоршаған ортаға жанашырлықты және жеке жауапкершілікті күнделікті өмірдің қалыпты дағдысына айналдыру.
Алайда бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелілігін өткізілген іс-шаралар санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Негізгі өлшем қоғамдағы нақты өзгерістер болуы тиіс. Атап айтқанда, азаматтардың бір-біріне және мемлекеттік институттарға деген сенімінің артуы, ортақ ережелерді сақтауы, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауы және жергілікті мәселелерді шешуге белсенді қатысуы маңызды көрсеткіштер бола алады», – деп түйіндеді Кәмила Амуртаева.
Бұған дейін Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық дипломатия бөлімінің бас сарапшысы Айым Тілепберген Президенттің Жолдауына қатысты пікір білдірген еді.