Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп ұсынды. Бұл туралы пікір білдірген Астана қаласы VIII шақырылым мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова құрылыс саласы тек жаңа ғимараттар салу емес, азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Құрылыс - ел болашағына салынған инвестиция. Мемлекет басшысының келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама деп ойлаймын.
Құрылыс дегеніміз - жаңа ғимараттар салу ғана емес, адамдарға қолайлы орта қалыптастыру. Әрбір тұрғын үшін үйінің жанында балабақша, мектеп, емхана мен спорт нысандарының болғаны маңызды. Сондықтан құрылыс жұмысы кезінде халықтың нақты қажеттілігіне басымдық берілуі керек.
Әсіресе, балаларға арналған білім беру нысандары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының салынуының маңызы зор. Бұл - отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың болашағына мүмкіндік жасау.
Менің ойымша, бастаманың нәтижесі салынған ғимараттардың санымен емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерісімен өлшенуі тиіс.
Ең бастысы, бүгін салынған әрбір нысан халықтың игілігіне қызмет етіп, келер ұрпаққа қалатын құндылыққа айналсын», - деді Мәдина Әжікенова.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды..