«Халықтық құрылыс»: Қазақстанның болашағына салынған инвестиция

Бүгін, 12:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Халықтық құрылыс»: Қазақстанның болашағына салынған инвестиция
Фото: Үкібай Нұрпейісовтің жеке мұрағатынан

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Экономика» мамандығы бойынша PhD докторанты Үкібай Нұрпейісов Президентттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауына орай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан «Халықтық құрылыс» бастамасы елдегі инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды факторының біріне айналуы мүмкін. Жолдауда ұсынылған жоспарларға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңартуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Оның ішінде 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 трлн теңге бөлу жоспарланған.

Қаржыландыру көлемі мемлекеттің жекелеген инфрақұрылымдық мәселелерді шешуден өңірлерді кешенді дамытуға көшуге ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен, негізгі мәселе - бұл инвестициялардың нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге қаншалықты тиімді айналатынында.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлттық қордың қаражатын қоғамға ұзақ мерзімді пайда әкелетін жобаларға басымдық бере отырып, теңгерімді пайдалану қажет.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, инфрақұрылымға салынған инвестициялар ішкі сұранысты ынталандыруға, жұмыспен қамтуды қолдауға және бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Алайда олардың әсері құрылыс кезеңімен ғана шектелмеуі тиіс. Сапалы инфрақұрылым еңбек өнімділігін арттырып, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастырып, өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуы керек.

Бұл ретте жергілікті шағын және орта бизнесті тарту маңызды рөл атқарады. Өңірлік кәсіпорындардың жобаларды іске асыруға қатысуы отандық өндірушілерді қолдауға, сабақтас салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудың да маңызы ерекше. Елді мекендерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету, медициналық және білім беру мекемелерін салу азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

Президент ұсынған жоспарларда шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан салу көзделген.

Сонымен бірге инфрақұрылымдық саясаттың нәтижелілігі тек салынған нысандардың санымен өлшенбейтінін ескеру қажет. Ауруханалар, мектептер мен оңалту орталықтары білікті мамандармен, заманауи жабдықтармен және тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасын тек құрылыс жобасы ретінде емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының маңызды ресурстарының бірі адами капиталға салынған инвестиция ретінде қарастырған жөн», - дейді ол. 

Сарапшы Қазақстан үшін Польшаның өңірлерді кешенді дамыту бағытындағы тәжірибесі белгілі бір қызығушылық тудыратынын жеткізді. 

«Польша Еуропалық одақтың қаражаты мен ұлттық бағдарламаларды пайдалана отырып, өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық береді. Еуропалық одақтың өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайтуға бағытталған саясаты аясында жергілікті жолдарды жаңарту, медициналық және білім беру инфрақұрылымын дамыту, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін салу, сондай-ақ жергілікті дамуды қолдау жобалары қаржыландырылады. Мұндай жобаларды іске асыруға өңірлік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары да қатысады.

Польшаның жергілікті жол инфрақұрылымын қолдау тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. 2025 жылы Польша үкіметі жергілікті маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге 2,7 млрд злотый бөлді. Бұл қаражат жалпы ұзындығы шамамен 2 100 шақырым жолдарды қамтитын 1 520 жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Аталған мысал мемлекеттік қаражатты муниципалитеттердегі нақты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағыттаудың мүмкіндігін көрсетеді.

Қазақстан үшін Польшаның моделін сол күйінде көшіруден гөрі, оның тәжірибесінен практикалық сабақ алу маңызды. Инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде халықтың нақты қажеттіліктерін, аумақтардың даму деңгейін және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескеру қажет. Сонымен қатар жобаларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, жұмыстардың сапасын бақылау және қол жеткізілген нәтижелерді бағалау маңызды.

Польша тәжірибесі инфрақұрылымдық инвестицияларды жергілікті кәсіпкерлікті дамытумен ұштастырудың да маңызын көрсетеді. Жолдарды, коммуналдық желілерді және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасаумен қатар жүргенде, өңірлер халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, өздерінің экономикалық әлеуетін де нығайта алады.

Сонымен бірге Қазақстан мен Польша арасындағы қаржыландыру көздері мен институционалдық ортаның айырмашылығын ескерген жөн. Сондықтан халықаралық тәжірибені елдің ұлттық жағдайына, өңірлердің ерекшелігіне және ұзақ мерзімді даму басымдығына бейімдеп қолдану қажет», - деді спикер.

Ол мемлекеттік инвестициялардың ауқымдылығы қаражатты бөлу мен пайдалануда ерекше жауапкершілікті талап ететінін айтты. Сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, сапаны бақылау, белгіленген мерзімдерді сақтау және нәтижелерді объективті бағалау бағдарламаны іске асырудың міндетті шарттарына айналуы тиіс.

Сондай-ақ салынған нысандарды кейіннен күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар мен олардың халыққа нақты қажеттілігін ескеру маңызды. Тек осындай тәсіл қаражатты формалды игеруге жол бермей, салынған инвестициялардың ұзақ мерзімді қайтарымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі экономикалық мәні ұлттық байлықты азаматтар үшін нақты мүмкіндіктерге айналдыру. Бағдарламаның табыстылығы игерілген қаражат көлемімен емес, халықтың өмір сүру сапасының қаншалықты жақсарғанымен, кәсіпкерліктің нығаюымен және өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықтың қысқаруымен өлшенуі тиіс.

Түптеп келгенде, инфрақұрылымға салынған инвестициялар заманауи экономикасы қалыптасқан, өңірлері қуатты және халықтың өмір сүру деңгейі жоғары Қазақстанның болашағына салынған инвестицияға айналуы керек», - деп пікірін білдірді Үкібай Нұрпейісов. 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.