Елімізде кітапхана саласының статистикасын көрсететін LABA платформасы іске қосылды
Еліміздің Ұлттық кітапханасында еліміздегі кітапхана саласының негізгі статистикалық деректері жинақталған LABA (Library and Book Analytics) аналитикалық медиаплатформасы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Платформада кітапханалар желісі, оқырмандар мен келушілер саны, кітап қоры мен берілген әдебиеттер, цифрлық ресурстар және кадрлық әлеует туралы негізгі көрсеткіштер қамтылған.
Деректер диаграмма, рейтинг, интерактивті кесте және өңірлер бойынша салыстырмалы мәлімет түрінде берілген. Осы арқылы саладағы өзгерістерді бақылап, өңірлердің көрсеткіштерін салыстыруға болады.
«LABA платформасын құруға «Қазақстан кітапханалары – 2025 жыл. Мәліметтер мен сандар» ғылыми-сараптамалық шолуындағы мәлімет негіз болған. Алдағы уақытта жаңа статистикалық есептер жарияланған сайын платформадағы ақпарат та жедел жаңартылып отырады», - делінген хабарламада.
LABA интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Платформа мобильді құрылғыларға да бейімделген.
Жоба авторы – Ұлттық кітапхананың ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы Нұрлыхан Жұмахан. Платформаға мына сілтеме арқылы кіруге болады.
Еске салсақ, елімізде кітапхана ісінің мамандарына арналған жаңа ақпараттық портал ашылды.