Елорда тазалығын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамы: Нұржан Өтегеннің бір күні
Астана көшелерінің тазалығын күн сайын көзге көріне бермейтін қажырлы еңбек иелері қамтамасыз етеді. Солардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС-нің арнайы техника жүргізушісі Нұржан Өтеген. Ол ауысым сайын арнайы вакуумдық көлікпен елорданың басты көшелерін аралап, бордюрлер бойына жиналған жапырақ пен қоқысты жинап, қаланың таза әрі көрікті болуына үлес қосып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елуді енді еңсеретін Нұржан Өтеген жазда, яғни мамыр айынан бастап қазан айының ортасына дейін шаңсорғыш көлікті айдаса, қар түскен бойда көктемге дейін қар күрейтін Mercedes-Benz Schmidt көлігіне отырады. Көлік жүргізуде тәжірибесі мол кейіпкеріміз арнайы қондырғылары көп мұндай техникаларды жүргізуді жақсы меңгергені және жұмысына деген асқан жауапкершілігі үшін Астананың ең маңызды ауданы – Есілдің көшелерін тазалауға бөлінген.
Жұмысына таңғы 7.30-да жетіп, алдымен медициналық тексеруден өткен соң қай көшені тазалайтыны туралы жолдама алады. Сосын көлігіне отырып, таңғы 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 4 көшені, нақты айтқанда, бордюрлердің қуысында жиналып қалған жапырақтар мен қалдықтарды шаңсорғышпен сыпырып, вакуум арқылы бункер ішіне жинайды. Осылай ол 1,5 сағатта бір көшені тазалап, арнайы орынға барып қоқыстарды төгіп, көлігін тазалап, келесі көшелерді тазалауға кіріседі.
«Бір ауданға 4 техникадан бөлінеді, соның екеуі осы «Бәйтерек» монументі аумағы, Ақорда тұсындағы басты көшелерді тазалайды. Тағы екеуі ЭКСПО көрмесі аумағын тазалап жүреді. Әр көшені жинағанда 1 немесе 1,5 текше метр қоқыс шығарамыз. Техниканың бункерінде 87 аттың күші бар, көлікті оталдырып қосқан кезде щетка айналады, ол жиектас жиегіндегі қоқысты шахтаға қарай бағыттап, оны вакуум арқылы бункерге тартады. Бұл көлік нақты маған бөлінген, сондықтан оның ақауы болса алдын ала байқап, механиктерге айтып отырамын, ал тазалығына өзім жауаптымын. Жалпы біз көшені күн сайын тазалағанда сағатына 10-15 км жылдамдықпен баяу жүріп отырамыз. Мұндай жылдамдықпен жүруге де жүйке жүйесі сау адам керек, көбінің оған шыдамы жете бермейді», – дейді Н. Өтеген.
Екі күн күндіз шыққан соң ол түнгі ауысымға келеді. Кешкі сегізден таңға дейін тура осылай жұмысын істеп, үйіне барып тынығады. Оның ауысымдық жұмысына отбасы да әбден үйренген. Локомотив машинистері сияқты олар да түннен шыққан соң тынығып демалуы міндетті. Ондай кезде үйде де, жұмыста да оны ешкім мазаламайды.
Бес баланың әкесінің жары – аспаз. Екеуі де адал еңбек, маңдай терімен балаларын өсіріп, оларға өз өмірімен үлгі-өнеге болып келеді. Жазда түскі асын өзі алып келіп, көлігінде ішсе, қыста жұмысынан тегін беріледі.
Еңбек шартына сәйкес айына 4 рет кез келген тосын жағдайда жұмысынан сұрана алады. Табысы тұрақты, балаларын мекемеде жылда лагерьге жібереді. Ұжымда тыңғылықты қызметі, жауапты жұмысы мен тиянақтылығы үшін ол талай рет марапаттарға ие болды. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен еңбек адамына ерекше көңіл бөлініп жатқанына ризашылығын білдірген кейіпкеріміз:
«Астана – еліміздің жүрегі. Оның тазалығы бәріміз үшін маңызды. Сондықтан қала тазалығын барынша сақтауға шақырамын», деп сөзін түйіндеді.