Елордада анықталған заңсыз қоқыс орындары жойылды

Елордада анықталған заңсыз қоқыс орындары жойылды
Фото: Астана қаласы Экология департаменті

Астана қаласы бойынша Экология департаменті аудандық әкімдіктермен бірлесіп заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою бағытында тұрақты түрде рейд жүргізіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

28 мамыр күні «Сарыарқа» ауданында кезекті рейд жүргізіліп, тексеру барысында тағы екі заңсыз қоқыс орны анықталды. Экология департаментінің мәліметінше, елорданың өзге аудандарындағы рейд шаралары 4 маусымға дейін жалғасады. Сонымен қатар, қоқыс орындарын уақытылы жоймағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 324-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік экологиялық инспекторы Аружан Тұрғымбаеваның айтуынша, 8–22 сәуір аралығында елорда аумағында қалдықтарды заңсыз төгудің 58 фактісі анықталған. Барлық құқықбұзушылық бойынша аудан әкімдіктеріне аумақтарды санитарлық тазарту жөнінде нұсқаулар жолданған.
Ал аудандық полиция басқармалары ұсынған материалдар негізінде 22 жеке тұлға жауапқа тартылды. Жалпы сомасы 4,7 млн теңге айыппұл салынды.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, анықталған аумақтар толық санитарлық тазартудан өтті», - деді экология инспекторы.

Заңсыз қоқыс орындарының ең көбі «Сарайшық» ауданында тіркелген (17 нүкте). Ал «Есіл» және «Нұра» аудандарында 14-тен, «Сарыарқада» 7, «Алматы» және «Байқоңыр» аудандарында 3-тен заңсыз қоқыс орны анықталған.

Экология департаменті заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, Астанада дрон көмегімен жүк көлігінің жүргізушісі сұйық бетон қалдықтарын ғимараттар маңына төккені анықталды.