Балқаш тазысы Түркиядағы халықаралық этнофестивальде көрермен көзайымына айналды

Балқаш тазысы Түркиядағы халықаралық этнофестивальде көрермен көзайымына айналды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен VIII халықаралық Ethnosport Culture Festival аясында Қазақстан ұлттық тазы тұқымы кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған фестивальге әлемнің 20-ға жуық елінен этноспорт пен дәстүрлі мәдениет өкілдері жиналған. Қазақстан делегациясы ұлттық тазы өсіру дәстүрімен қатар, қазақтың көне аңшылық өнері – бүркітшілікті де таныстырды.

Ел намысын Балқаш және Баянауыл өңірлерінен жеткізілген тазы иттері қорғады. Солардың ішінде Балқаш қаласының тұрғыны Ағыбай Жасанбековке тиесілі Ақбақай есімді тазы ерекше көзге түсіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шетелде алғаш рет сынға түскеніне қарамастан, Ақбақай тазы фестиваль қонақтарының назарын бірден өзіне аударған. Итке арнайы медаль табысталып, оның тектілігі, сабырлы мінезі және адамға деген мейірімді болмысы жоғары бағаланған. Сонымен қатар қазақ тазысына Дүниежүзілік этноспорт федерациясы өкілдері де ерекше қызығушылық танытқан.

Ақбақайдың иесі фестивальге жеке өзі бара алмағандықтан, тазыны оның досы әрі серіктесі Айбат Төлеуов таныстырған.

Иесі Ағыбай Жасанбековтің айтуынша, қазақ тазысы мен төбетін өсіру ісімен ол 20 жылға жуық уақыт айналысып келеді. Ақбақай Маңғыстау өңірінен бір айлық күшік кезінде әкелінген. Уақыт өте келе, қоян мен түлкі аулауға баулып, шырға тарту сияқты сынақтарға қатысқан.

Бүгінде екі жасқа толған тазының шапшаңдығы, төзімділігі мен зеректігі ерекше аталып өтті. Ағыбай Жасанбековтің басты мақсаты – Балқаш қаласында қазақ тазысының тұқымын сақтап, дамытуға арналған жеке питомник ашу.

– Қазақ тазысы – ұлттық мұрамыздың бірегей символы. Бұл тұқымды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.

Бұдан бұрын Қазақстанға алғаш келген Тамаш Яккель қазақ тазысына жоғары баға бергенін жазған болатынбыз.