Тоқаев: Ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет

Тоқаев: Ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет деп санайтынын жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.  

– Жаһандық азық-түлік нарығындағы ЕАЭО позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау бойынша түзетулер енгізіліп, қабылданды. Бұл – осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Мұндай технологиялық бастамаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде аталған қаржы институты еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы екенін дәлелдеді. Біз шағын құрамдағы кездесуде Банктің басқарма төрағасы жасаған мазмұнды баяндаманы тыңдап, оны бекіттік. ЕАДБ алдағы уақытта да Одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда басты локомотив болуға тиіс деген ұйғарымға келдік, – деді Президент.