Республика күніне орай елорданың алты ауданында мерекелік концерттер өтеді

Бүгін, 08:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Республика күніне орай елорданың алты ауданында мерекелік концерттер өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Республика күніне орай Астанада ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. 24 қазанда елорданың барлық алты ауданындағы 12 алаңда ашық аспан астында концерттер өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік іс-шаралардың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігін нығайту және елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау.

«Алматы» ауданында концерттер екі алаңда өтеді. Сағат 12:00-де «Теміржолшылар» тұрғын алабында Ұлықпан Жолдасов, Меруерт Бақыт, Ералы Қанжығалы, «Алтын» триосы, «Айша бибі» дуэті және DiEra триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00-де «Жастар» саябағында Дидар Мансұр, «Айлин» триосы, Медет Шайкелов, «Астана» тобы, Парасат Отан және «Алтын» триосының қатысуымен концерт басталады.

«Байқоңыр» ауданында сағат 12:00-де «Өндіріс» тұрғын алабында мерекелік концерт өтеді. Көрермендер алдында Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, Мәдина Исламова, Әкімхан мен Ақбота, Даниял Ахметов және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00-де «Ататүрік» саябағында концерт басталады. Онда Мәдина Исламова, Аян Жаймағамбетов, «Айша бибі» дуэті, DOS, «Алтын» триосы және Мәди Қадыров өнер көрсетеді.

«Есіл» ауданында мерекелік іс-шара сағат 15:00-де «Бағыстан» тұрғын алабында өтеді. Мұнда Алтыншаш Мұқатаева, Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, DiEra триосы, «Белес» дуэті және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.

«Нұра» ауданында концерттер екі алаңда ұйымдастырылады. Сағат 12:00-де «Үркер» тұрғын алабындағы «Айғыржал» гүлзарында мерекелік бағдарлама басталады. Көрермендер алдында Тұрар Төлеутай, Айгүл Иманбаева, Дидар Әбдіхалық, «Жарық» дуэті, Аян Жаймағамбетов және Qazaq Voice триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00-де «Жағалау» тұрғын алабында концерт өтеді. Өнер көрсететіндер қатарында Нұрбол Балапанов, Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай, Меруерт Бақыт және Аян Жаймағамбетов бар.

«Сарайшық» ауданында да екі концерттік алаң белгіленген. Сағат 12:00-де «Промышленный» тұрғын алабында Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, Алтыншаш Мұқатаева, Нұрбол Балапанов, DiEra триосы, Ералы Қанжығалы және «Алтын» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00-де «Отау» шағын ауданында Даниял Ахметов, Айгүл Иманбаева, Әкімхан мен Ақбота, Qazaq Voice триосы, Дидар Әбдіхалық және «Жарық» дуэтінің қатысуымен концерт өтеді.

«Сарыарқа» ауданында мерекелік концерттер бірнеше алаңда өтеді. Сағат 12:00-де «Көктал-1» тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында концерт басталады. Мұнда Аян Жаймағамбетов, Зарина Омарова, Парасат Отан, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай және «Астана» тобы өнер көрсетеді.

Осы уақытта «Көктал-2» тұрғын алабындағы «Қорғалжын» гүлзарында да мерекелік іс-шара өтеді. Өнер көрсететін әртістер қатарында Мәди Қадыров, Медет Шайкелов, Дидар Мансұр, Бауыржан Исаев, «Айлин» триосы және «Белес» дуэті бар.

Сағат 15:00-де Қалалық алаңда DOS, Ұлықпан Жолдасов, Зарина Омарова, Ералы Қанжығалы, DiEra триосы және Тұрар Төлеутай көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Еске сала кетейік, Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара өтеді.