Қасым-Жомарт Тоқаев: Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканың басты кепілі
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің пайымынша, экономиканы цифрландыру – технологиялық тренд қана емес, бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.
– Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, «бұлттық» шешімдер, ірі кәсіпорындардың «цифрлық телнұсқасы» өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден астам «ақылды» фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Егін және тұқым шаруашылығында өнімді «егіс даласынан тұтынушы дастарқанына дейін» жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметтері кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілді. Дихандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрондық форматқа ауысты. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.