Әлеуметтік желіде тараған Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемесі - жалған
Әлеуметтік желіде Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. Жүргізілген тексеру нәтижесінде аталған дәйексөздің бұрмаланғаны анықталды. Никол Пашинян мұндай сөздер айтпаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.
Манипуляцияға Армения Үкіметі басшысының 3 қыркүйекте өткен брифингте журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Ереванның шешімдеріне сыртқы ықпалдың болуы туралы болжамға түсініктеме бере отырып, Никол Пашинян: «Сіздердің алдарыңызда Армян КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасады», - деп мәлімдеген.
Осылайша, оның сөзі Арменияның мемлекеттік шешімді өз бетінше қабылдау мәселесіне қатысты болған. Бұл контексте Қазақстан туралы ешқандай сөз айтылмаған.
«Жалған ақпарат авторлары бастапқы жауаптағы жекелеген сөздерді өзгертіп, түпнұсқада болмаған сөз тіркестерін қосқан. Нәтижесінде мәлімдеменің бастапқы мәні өзгертіліп, ол Қазақстанға қарсы бағытталған пікір ретінде әдейі ұсынылған. Жауаптың түпнұсқалық мазмұны брифингтің бейнежазбасымен расталады. Толық жауап VERELQ жарияланымында берілген.
Мұндай манипуляциялар теріс көңіл күй қалыптастыруға және Қазақстан мен Армения халықтары арасында жасанды түрде түсініспеушілік тудыруға бағытталған», делінген хабарламада.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға, ақпараттың бастапқы дереккөзіне, жарияланған күні мен мәніне назар аударуға шақырады. Сондай-ақ, бұған дейін жарияланған жалған жазбаларды өшіріп, тиісті теріске шығаруды жариялауды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (250 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе заңда көзделген жағдайларда әкімшілік қамаққа алу).
Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық (7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру) қарастырылған.