Nudge тұжырымдамасы: Елімізде отандық өнімді насихаттауға арналған жоба іске қосылды

Бүгін, 16:44
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Nudge тұжырымдамасы: Елімізде отандық өнімді насихаттауға арналған жоба іске қосылды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда отандық ірімшікті насихаттауға арналған мінез-құлыққа негізделген құралдарды кең ауқымда енгізу жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Сауда және интеграция министрлігі Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өңірлік департаменттер бұл бастаманы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Nudge тұжырымдамасының мәні - сатып алушыны таңдау жасауға мәжбүрлемеу, бірақ қажетті тауарды сөрелерде айқынырақ қойып, сатып алуға ыңғайлы болатын сауда ортасын жасауды көздейді.

Бірінші кейс ретінде қазақстандық ірімшік таңдалды. Министрлік мұны ірімшіктің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататындығымен түсіндіреді. Десе де нарықтың жартысына жуығы, шамамен 47% - ы импортқа тиесілі болып отыр.

2026 жылдың көктемінде Ұлттық талдау орталығы британдық Behavioural Insights Team зерттеу ұйымымен және Magnum Cash & Carry желісімен бірлесіп Астананың сегіз супермаркетінде пилоттық эксперимент жүргізді. Ол төрт аптаға созылды және нақты сауда жағдайында өтті.

Жобаны іске қоспас бұрын Ұлттық компания еліміздің барлық өңірлерінде 1000 респондент арасында сауалнама жүргізді. Ол сауалнамаға қатысқандардың 59% - ы отандық ірімшікке оң көзқараспен қарайтынын көрсетті. Дегенмен, көптеген сатып алушылар өнімнің шығу тегін білмеген: 71%-ы сатып алынған ірімшік брендін атай алмады, ал 32%-ы өнімнің шыққан елін білмеді.

Эксперимент барысында қазақстандық ірімшік қойылған сөрелер бөлек аймаққа бөлініп, «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар бөлгіштермен, стикерлермен және сөрелік ленталармен белгіленді. Дүкендердің кіреберісінде отандық ірімшіктер насихатталған үш аргументі бар баннерлер орналастырылды: қолайлы баға, жақсы дәм және жергілікті өндірушілердің қолдауы. Сондай-ақ, сауда залдарында Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен  қазақ және орыс тілдерінде аудио хабарлама жасалды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, төрт апта ішінде қазақстандық ірімшікті пилоттық дүкендерде сату шамамен 20% - ға өсті. Отандық ірімшікке орташа чек бір ірімшік сатып алушыға 670 теңгеге өсті. Министрлік бұл нәтиже әлемдік тәжірибеден асып түскенін айтып отыр.

Тұтынушылардың сауалнамада көрнекі материалдар сөредегі отандық ірімшікті тезірек байқауға көмектескенін айтты. Ең көзге түскен элементтер ретінде сатып алушылар стикерлер мен сөре бөлгіштерін атаған, ал баннерлер, сөре ленталары және аудиохабарламалар салыстырмалы түрде сирек аталды.

Сауалнама сонымен қатар мінез-құлық құралдарының тек өнімді таңдауға ғана емес, тұтынушылардың отандық тауарларға деген көзқарасына да әсер еткенін көрсетті. Респонденттердің жартысынан астамы (56%) мінез-құлықтық материалдар қазақстандық ірімшікке қатысты неғұрлым оң көзқарастың қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті, ал сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі оны болашақта сатып алуға дайын екендерін білдірді. Ең жиі аталған себептердің қатарында отандық өндірушілерді қолдауға деген ниет және ассортиментті тезірек бағдарлап, сөрелерден қазақстандық өнімді оңай табу мүмкіндігі болды.

Пилоттық жоба нәтижелері тұтыну ортасындағы шағын өзгерістердің сатып алушылардың таңдауына әсер етіп, отандық өнімнің көріну деңгейін арттыра алатынын дәлелдеді. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қазақстандық ірімшіктің сатылымын көбейту мақсатында аталған мінез-құлық құралдарын елдің барлық өңірлерінде кең ауқымда енгізу басталды.

Қазақстан Республикасының заңнамасында отандық тауарлар үшін бөлшек сауда желілерінде кемінде 30% ассортименттік үлес қарастырылған. Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдау бағдарламалары арқылы сөре кеңістігінің қосымша 20%-ына дейін бөлу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарларды насихаттау ережелерін офлайн-бөлшек саудада да, электрондық коммерцияда да күшейтіп отыр. Маркетплейстер үшін қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерінде басым көрсету тетіктерін енгізу және «Қазақстанда жасалған» атты жеке бөлімдер құру міндеттелуде.

Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы пилоттық эксперимент экономикалық патриотизмнің тиімді «таңдау архитектурасы» арқылы қалыптасатынын растайды.