Президент Жолдауын жүзеге асыру: Екі жылда туризмге салынған инвестиция 2,2 трлн теңгеден асты

Президент Жолдауын жүзеге асыру: Екі жылда туризмге салынған инвестиция 2,2 трлн теңгеден асты
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда туризм саласын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі бағыттар – курорттық аймақтарды жаңғырту, инвестиция тарту, көлік қатынасын жақсарту және қызмет көрсету сапасын арттыру деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туризмде 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

Қазір салада жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаларды кезең-кезеңімен іске қосу нәтижесінде 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешені бой көтермек.

2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 32,6%-ға өскен.

Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келген

2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келді. Оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Шетелдік қонақтардың ел аумағындағы шығыны 2,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Оқиғалы туризмді дамыту мақсатында 2026 жылға арналған 55 негізгі іс-шарадан тұратын күнтізбе әзірленді.

Ішкі туризм де өсіп келеді. Қазақстан ішінде саяхаттаған азаматтардың саны 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін артқан.

Орналастыру орындарының саны 4,5 мыңнан асты

2023 жылы Қазақстанда 3 992 орналастыру нысаны болса, 2025 жылы олардың саны 4 482-ге жетті. Ал 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 4,5 мыңнан асты.

Инвестициялық портфель аясында халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешенін ашу жоспарланған.

Курорттық аймақтарға баратын жолдар жаңартылып жатыр

2026 жылы 11 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Рахман қайнарына, Кендірліге, Баянауылға, Зерендіге және Көлсайға апаратын жолдар бар.

Сонымен қатар Катонқарағайда, Зайсанда және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр. Жазғы маусымға аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды.

Алматы тау кластері дамытылады

Алматы тау кластерін жылына 5 млн турист қабылдайтын деңгейге дейін дамыту жоспарланып отыр.

Жоба аясында тау-шаңғы аймақтарын біріктіру, 30 аспалы жол және 161 шақырым трасса салу көзделген.

Сонымен қатар Маңғыстау және Щучинск-Бурабай курорттық аймақтарын дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар іске асырылып жатыр.

Ұлттық парктерге келушілер саны артты

2025 жылы ұлттық парктерге 3,7 млн адам барған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді.

2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды.

Осылайша, туризм саласын дамыту инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту, көлік қолжетімділігін арттыру және саланы қолдаудың жаңа шараларын қамтиды.

Естеріңізге салсақ, әйгілі әнші Энрике Иглесиастың «Астана Арена» стадионында өткен Қазақстандағы алғашқы концертіне 30 мыңға жуық көрермен жиналды. Оның 6 209-ы шетелден келген.