Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай хореографтар фестивалі өтті


Қазақ ұлттық хореография академиясында Жеңістің 80 жылдығына арналған Халықаралық жас хореографтар фестиваль-конкурсы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Байқауға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның ұжымдары қатысты.
Фестиваль Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен және Гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен өтті. Аталған қордың арқасында ТМД елдерінің шығармашыл жастарын біріктіретін осындай бірегей халықаралық жобалар ұйымдастырылуда.
Фестивальдің жабылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов министр Аида Балаеваның құттықтау сөзін оқыды.
«Бүгінгі байқау тек шығармашылық жарыс емес, жас әртістердің өнер арқылы ата-бабаларының ерлігіне құрмет пен ризашылық білдіруге мүмкіндік беретін маңызды оқиға», – делінген құттықтау хатта.
Гала-концерт барысында фестиваль жеңімпаздарының есімдері жарияланды:
- Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанованың жүлдесін Анастасия Третьякова (Қазан, Ресей) иеленді.
- «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Абубахриеваның жүлдесі – Абай Юсуповқа (Астана, Қазақстан) берілді.
- «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықованың жүлдесі – Елизавета Трашковаға (Ташкент, Өзбекстан) табысталды.
- Қазақстан халқы Ассамблеясының жүлдесі – Давид Компанецке (Астана, Қазақстан) берілді.
- Astana Tourism Туризмді дамыту орталығының жүлдесі — Ирина Капустинаға (Минск, Беларусь) табысталды.



