Еуропада музей тонау жиілей түсті: Ренуардың 9 млн еуро тұратын екі картинасы ұрланды
Францияның Кань-сюр-Мер қаласындағы Пьер Огюст Ренуар музейіне таңертең екі ұры басып кіріп, төрт құнды картинаны алып кеткен. Алайда қашу кезінде олардың екеуін тастап, қалған екі туынды қолды болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 8 қыркүйек таңғы сағат 5:48 шамасында болған. Музейдегі дабыл жүйесі іске қосылғаннан кейін бес минут ішінде полиция оқиға орнына жеткен. Бейнебақылау камералары ғимаратта екі бөгде адамның болғанын тіркеген. Олар музей аумағына қоршауды кесу арқылы кірген.
Бастапқыда төрт картинаның ұрланғаны хабарланғанымен, кейін олардың екеуі қашу кезінде тасталғаны анықталды. Қазіргі мәлімет бойынша, ұрылар өздерімен бірге «Мадам Колонна Романоның портреті» (1910) және «Құдық басындағы қыз» (1886) атты Ренуардың картиналарын алып кеткен. Ұрланған туындылардың жалпы құны шамамен 9 млн еуро деп бағаланып отыр.
Музей Кань-сюр-Мердегі Ренуардың соңғы жылдарын өткізген үйінде орналасқан. Ол 1960 жылы ашылған. Мұнда суретшінің картиналарымен қатар мүсіндері, жиһаздары мен жеке заттары сақталған. Ренуар өмірінің соңғы 11 жылын осы үйде өткізген.
Ұрлыққа қатысты тергеуді Ниццадағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы полиция бөлімшесі жүргізіп жатыр. Қылмыс жасаған күдіктілер әзірге қолға түскен жоқ.
Еуропадағы музейлерге қауіп күшейді
Ренуар музейіндегі ұрлық Еуропада соңғы уақытта мәдени нысандарға жасалған бірқатар ірі шабуылдардың жалғасы болып отыр.
Бұған дейін Париждегі Лувр музейінен шамамен 88 млн еуроға бағаланған корольдік әшекейлер ұрланған еді. Бұдан бөлек, Франциядағы Дени Дидроға арналған музейден шамамен 2 мың алтын және күміс монета қолды болған.
Аустрияның Вена қаласында да ұрылар Қолданбалы өнер музейінің витринасын қиратып, құрамында жүздеген гауһары бар платина алқаны алып кеткен. Ал Испанияның Вильена қаласындағы археологиялық музейден қола дәуіріне жататын, құны кемінде 1,7 млн еуро болатын зергерлік бұйымдар ұрланған.
ВВС-дің мәліметінше, Еуропада музейлерді тонау тәсілі де өзгеріп келеді. Europol мұндай қылмыстардың барған сайын агрессивті сипат алып, бұрынғы кәсіби қылмыстық топтардың орнына әлеуметтік желілер арқылы тартылған кездейсоқ қылмыскерлердің пайда болғанын атап өткен.
Өнер туындыларын іздеумен айналысатын британдық детектив Артур Брандтың пікірінше, бір музейдегі сәтті ұрлық өзгелерге де түрткі болуы мүмкін. Ол Луврдағы оқиғадан кейін басқа музейлердің де қауіпсіздігіне алаңдауға негіз бар екенін айтқан.
Осылайша, Ренуар музейіндегі соңғы ұрлық Еуропадағы мәдени мұра нысандарының қауіпсіздігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Еске салсақ, бұған дейін Имантауда орта қола дәуірінің тұрғын үйі табылғанын жазғанбыз.