Референдум-2026

Тарихқа жаңа дәлел: Имантауда орта қола дәуірінің тұрғын үйі табылды

Тарихқа жаңа дәлел: Имантауда орта қола дәуірінің тұрғын үйі табылды
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысының Имантау жерінде қола дәуіріне тиесілі ірі қоныс зерттеліп жатыр. Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бірлескен халықаралық археологиялық экспедициясы көне дәуірдің тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығына қатысты тың деректерді анықтауда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Зерттеу жұмыстары 14 шілдеде басталып, 17 тамызға дейін жалғасады. Қазіргі таңда археологтар 324 шаршы метр аумақта қазба жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу барысында қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыстардың бөліктері, тас құралдар, жануар сүйектері, сүйектен жасалған жапсырмалар, жебе ұштары, біздер, қоладан жасалған бұйымдар және металл өңдеуге пайдаланылған кен қалдықтары табылды.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Имантаудағы экспедиция – Қытай ұлттық музейімен бірлескен алғашқы қазақ-қытай археологиялық жобасы. Бес жылға жоспарланған зерттеу қола және ерте темір дәуірлеріне қатысты ескерткіштерді зерделеуге бағытталған.

– Мұндай халықаралық жобалардың маңызы зор. Әсіресе қытайлық мамандардың технологиялық және зертханалық мүмкіндіктері жоғары. Олардың зертханалары арқылы топырақтың, күлдің, сүйектер мен металдардың құрамын және жасын анықтауға болады, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Алғашқы қазба нәтижелері Имантау қонысының қола дәуірінде тұрақты әрі ауқымды мекен болғанын көрсетіп отыр. Табылған артефактілер ежелгі тұрғындардың металл өңдеумен айналысып, күрделі шаруашылық жүргізгенін аңғартады.

Қытай Ұлттық музейінің Археология институтының аға ғылыми қызметкері Чжан Сяолэйдің айтуынша, экспедицияның алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Қазба барысында жылқы мен басқа да мал сүйектерінің көптеп табылуы бұл жерде төрт түлікті ұстау қалыптасқанын көрсетеді. Ғалымдар үшін Еуразия даласында қола дәуірі мәдениетінің қалыптасу кезеңін зерттеу ерекше маңызды.

Экспедиция жетекшісі, ҚР Ұлттық музейі «Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты» бөлімінің меңгерушісі, археолог Данияр Дүйсенбайдың айтуынша, табылған артефактілер Имантау қонысының күрделі шаруашылыққа негізделген тұрақты мекен болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар мамандар қоныстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары мәртебелі топ өкіліне тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұған тұрғын үйдің бірнеше қабаттан тұруы ықтимал екені негіз болып отыр.

Экспедиция жұмыстарына Қытайдан келген төрт маман және Қазақстанның әр өңірінен жиырмадан астам археолог пен зерттеуші тартылған. Олардың қатарында студенттер де бар. Жас мамандар үшін бұл – археологиялық қазба жұмыстарына тікелей қатысып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми орта.

Археологтардың айтуынша, Имантау қонысының маңызы оның табылған жәдігерлерімен ғана шектелмейді. Өңірде Ботай қонысы секілді әлемдік ғылым үшін маңызды археологиялық ескерткіштер бар. Ал мұндай халықаралық экспедициялар Қазақстан аумағындағы әлі толық зерттелмеген тарихи нысандарды ғылыми тұрғыдан зерделеуге жол ашады.

Алдағы уақытта археологтар қазба аумағын кеңейтіп, тұрғын үйдің құрылымын толық анықтауды жоспарлап отыр. Зерттеу жалғасқан сайын қоныстың тарихы, ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылық жүйесіне қатысты жаңа деректердің табылуы күтіледі.

Айнұр Төлеуғалиқызы