Азаматтарға декларация толтыру тәртібі жеңілдетіледі

Азаматтарға декларация толтыру тәртібі жеңілдетіледі
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың декларацияларын алдын ала толтыру тетігін жетілдіруде, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеке тұлғалардың декларация тапсыру процесін жеңілдету мақсатында цифрлық сервистерді дамытылады. Негізгі мақсат – декларацияларды ұсыну процесін оңайлату.

Салық төлеушінің кабинетінде 250.00 және 270.00 нысандарындағы декларацияларды алдын ала толтыру мүмкіндігі енгізіліп жатыр. Мәліметтердің бір бөлігі автоматты түрде толтырылады, ал салық төлеуші оларды тексеріп, толықтыра немесе түзете алады.

Декларацияда есепті кезеңде мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы мәліметтер автоматты түрде толтырылады.

Алдағы уақытта алдын ала қалыптастырылатын мәліметтер тізбесін кеңейту, оның ішінде кірістер туралы деректерді және декларацияны толтыруға қажетті өзге де мәліметтерді көрсету жоспарлануда.

Жеке тұлға қалыптастырылған мәліметтерді дербес тексереді, қажет болған жағдайда оларды толықтырады немесе түзетеді, содан кейін декларацияны растап, ұсынады. Тетік «мемлекет қолда бар мәліметтерді ұсынады – азамат оларды тексеріп, растайды» қағидатына негізделген. Бұл декларацияны толтыруға жұмсалатын уақытты қысқартуға және техникалық қатенің орын алу ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.

2025 жылға кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсыну мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте аяқталады. Аталған декларацияны жеке тұлға (Салық төлеушінің кабинетінде) ұсына алады.

2025 жыл үшін декларация ұсыну міндеті жекелеген санаттағы жеке тұлғаларға, оның ішінде:

мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ олардың жұбайына;

банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушыларына және олардың жұбайына;

жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан астам заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларына (қатысушыларына);

жеке практикамен айналысатын адамдарға;

дербес салық салуға жататын кірістер алған адамдарға;

шетелдік банктердегі шоттарында 1 000 АЕК-тен асатын ақша қаражаты бар адамдарға;

цифрлық активтері бар адамдарға;

2025 жылы Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ одан тыс жерлерде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған адамдарға қолданылады.