Жалғыз сиырдан басталған кәсіп: «Северное» фермасы 1,7 млрд теңгелік агрокешенге айналды
Бір сиыр сатып алудан басталған шағын отбасылық кәсіп бүгінде құны 1,7 млрд теңге болатын заманауи фермаға айналды. СҚО-дағы «Северное» кәсіпорны тәулігіне 1,5 тоннаға жуық сүт өңдеп, алдағы уақытта өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіптің тарихы 2015 жылы басталған. Наталья Юдина отбасын табиғи сүтпен қамтамасыз ету үшін жұбайының туыстарына сиыр сатып алуды ұсынған. Кейін үй іргесіндегі шағын шаруашылыққа достары мен көршілерінен сұраныс артып, толыққанды ферма құру туралы шешім қабылданған.
Алғашқы инвестиция шамамен 40 мың долларды құраған. Кәсіпорынның жаңа деңгейге көтерілуіне мемлекеттік қолдау да серпін берген. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсіпорын заманауи тауарлы-сүт фермасын салып, айршир тұқымының 400 асыл тұқымды сиырын сатып алған.

Бүгінде шаруашылық 2,5 мың гектар жерді игеріп, мал азығын өз өндірісі арқылы қамтамасыз етеді.
Фермада сүтті бастапқы өңдеу заманауи технологиялармен жүзеге асырылады. Ал сары май, сүзбе және ірімшік секілді өнімдердің бір бөлігі дәстүрлі тәсілмен, қолмен дайындалады.
«Біздің кәсібіміз – еуропалық үлгідегі шағын ферма. Өз шикізатымызбен жұмыс істейміз және барлық технологиялық талапты сақтаймыз. Сары май, сүзбе мен ірімшіктерді тек қолмен дайындаймыз. Сондықтан біз жаппай нарыққа емес, табиғи өнімді бағалайтын тұтынушыларға бағытталғанбыз», – деді Наталья Юдина.
Қазір ферма тәулігіне орта есеппен 1,5 тонна сүт өңдейді. Ай сайын мұнда 3 тоннадан астам сүзбе, 1 тоннадан астам фирмалық ірімшік вафлиі, шамамен 200 келі авторлық және жас ірімшік, 80 келіге жуық табиғи сары май өндіріледі. Сондай-ақ қаймақ, кілегей, сүзбелі құймақ және вареник шығарылады.

Кәсіпорын мал басының өнімділігіне ғана емес, жануарлардың жағдайына да мән береді. Фермадағы мал байлаусыз ұсталып, таза ауада тұрақты серуендейді. Күтім жұмыстары ветеринариялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.
«Біз өнеркәсіптік алыптармен бәсекелеспейміз. Біздің өнімді табиғи сүтті саналы түрде таңдайтын және сапаны бағалайтын адамдар сатып алады. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі өнім шығаруға болатынын дәлелдеп отырғанымызға қуаныштымыз», – деді кәсіпорын негізін қалаушы.
Қазір «Северное» фермасының алдында өндірістік қуатын арттырып, қаржылық тұрақтылықты күшейту міндеті тұр. Биыл қараша айында мал басының толық құрамын қабылдау жоспарланған.

Алдағы кезеңде кәсіпорын көпсалалы агрокешенге айналуды көздейді. Жоспар бойынша өз астығы мен ұнын өндіру, ет бағытындағы өндірісті дамыту және жылыжайлар салу қарастырылған.
Бұған дейін қазақстандық ғалымдар мәрмәр қой етін өндіру технологияларын әзірлеп жатқанын жаздық.