Елордаға келген туристер саны 350 мыңнан асты

Бүгін, 18:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордаға келген туристер саны 350 мыңнан асты
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанаға келетін туристер саны артып, елорданың туристік әлеуеті нығайып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында қалаға 352 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Оның 68 мыңы шетелдік қонақ болса, ірі халықаралық және іскерлік іс-шаралар да қалаға турист тартудың маңызды факторына айналып отыр.

2026 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша қонақ үйлер көрсеткен қызметтер көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артты.

«Қала қонақтарының ыңғайлылығы үшін 129 жаяу жүргіншілер көрсеткіші және Visit Astana ресми туристік сайт-порталына бағыттайтын QR-кодтары бар 93 ақпараттық пилон орнатылды, ол жерден елорда, оның көрікті жерлері мен туристік нысандары туралы қажетті ақпарат алуға болады. Сондай-ақ 2 туристік-ақпараттық дүңгіршек және 5 Taxi Point терминалы жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Қаламен өзіндік танысу үшін 8 тілдегі аудиогидтермен жабдықталған 1 Red Bus экскурсиялық автобусы қатынайды.

Қазір елордада туристер бара алатын 100-ден астам нысан бар. Ал қала қонақтарына экскурсия өткізетін 140-тан астам кәсіби гид жұмыс істейді.

Қолжетімді туризмді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Астанада 5 инклюзивті туристік маршрут әзірленді. Өткен жылы елорда ТМД елдері арасында Еуропалық қолжетімді туризм желісінің (ENAT) алғашқы мүшесі атанды.

Жыл сайын іскерлік және оқиғалық іс-шаралар санының тұрақты өсімі байқалады. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткізілген іс-шаралар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артқан (2025 жылдың 7 айында – 858 іс-шара өткізілсе, 2026 жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 957-ге жетті).

Биыл елордада бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізілді. PGL Astana 2026 турниріне шамамен 25 мың адам қатысты, ал турнирдің онлайн-аудиториясы 50 миллион көрерменнен асты.

Comic Con Astana 2026 іс-шарасына шамамен 76 мың адам қатысты, оның ішінде 12 мыңға жуығы – турист.

Сонымен қатар, іскерлік және оқиғалық туризм бағыты да белсенді түрде дамып келеді. Automechanika Astana көрмесіне 15 мыңнан астам адам қатысып, оған 45-тен астам елдің өкілдері қатысты. Ал Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесіне 15 елдің өкілдері қатысты.

Еске салсақ, Астананың Есіл ауданында абаттандыру жұмыстары қарқын алды.