«Әділет» партиясы ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған жаңа жобаны іске қосты
Астанада «Әділет» партиясының «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» инклюзивті жобасы іске қосылды. Жоба қатысушылары қолданбалы мамандықтарды тегін меңгеріп, қаржылық сауаттылық пен SMM бойынша базалық білім алады. Кейін жобаға қатысушылардың жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсібін бастауына мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның ашылу салтанатына Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі параспортшы Айсұлу Сүлейменова қатысты. Ол жобаға қатысушылармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ол мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі дамытуына қажет нақты мүмкіндіктер ұсынудың маңызын атап өтті.
Жобаны «Әділет» партиясы Есіл аудандық филиалы іске қосты. Алғашқы кезеңде қатысушылар визажист, шаштараз және маникюр шебері мамандықтарын меңгереді. Сонымен қатар олар әлеуметтік желілерді жүргізу, қызметтерді ілгерілету және қаржылық сауаттылық негіздері бойынша курстардан өтеді.

Ерекше қажеттілігі бар адамдардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған бұл бастама Мемлекет басшысының инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі ұстанымдарына толық сәйкес келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір азаматтың қоғам өміріне толыққанды араласуы үшін жағдай жасау қажет екенін бірнеше рет атап өткен еді.
«Оқу қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға сертификат табысталады. Олар меңгерген жаңа дағдыларын жұмысқа орналасу немесе өз бетінше табыс табу үшін пайдалана алады. Сондықтан жоба білім беру ісінен бастап, одан кейінгі сүйемелдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды», – деді «Әділет» партиясы аудандық филиалының басшысы Санира Жүсіпова.
Пилоттық кезең аясында жыл соңына дейін 150 адамды қамту жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша оның тәжірибесін еліміздің өзге де өңірлерінде пайдалану көзделуде.
Жобаға алғашқы қатысушылардың бірі – бұған дейін жұмысқа орналасу мәселесі бойынша партияға жүгінген Айдана Хаймулдина.
«Жоба туралы хабардар болған кезде, бірден оған қатысуға бел будым. Қазір білім алып жатырмын. Соның нәтижесінде өз бетімше табыс табуыма және ары қарай дамуыма мүмкіндік беретін мамандықты меңгергім келеді», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне толыққанды әрі белсенді араласуына жағдай жасауға, сондай-ақ тұрақты табыспен қамтамасыз етуге бағытталуда.
