Астаналық гимнасшылар әлем кубогында қола жүлдегер атанды


Елордалық №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің арулары әлем кубогының екінші кезеңінде 39 елдің үздіктерімен бақ сынасты. Астаналық «Фурор» командасы байрақты бәсекеде лентамен өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Команда құрамында өнер көрсеткен астаналық гимнасшылар: Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова,
Мәдина Мырзабай.
«Біздің спортшылар халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, мықты қарсыластар арасында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әлем кубогында үлкен жетістікке жету үшін бар күшімізді салып дайындалдық. Командамызды шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа белестерге жете беріңіздер!» – деді №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева.
Жарыс қорытындысы:
1-орын – Қытай;
2-орын – Израиль;
3-орын – Қазақстан.
Айта кетейік, бұл жетістік – жаттықтырушылар мен спортшылардың бірлескен еңбегінің жемісі.



